Қазіргі заманда толеранттылық – бейбіт өмір мен тұрақтылықтың басты шарты. Бұл ұғым тек шыдамдылық немесе төзімділік емес, ол — өзге адамның көзқарасына, сеніміне және өмір салтына құрметпен қарау мәдениеті. Толеранттылық – қоғамның мәдени және моральдық даму деңгейін көрсететін маңызды көрсеткіш, деп хабарлайды Dalanews.kz
Қазақстан ежелден-ақ түрлі этнос пен дін өкілдері қатар өмір сүрген кеңістік. Ежелгі дәуірлерден бастап Ұлы дала талай мәдениетті тоғыстырған, сан түрлі халықтарға пана болған. Тарихтың әр кезеңінде бұл жерге түрлі этностар мен конфессия өкілдері қоныстанып, өз дәстүрін, тілін, сенімін ала келді. Сол алуандық бүгінгі күні біздің ұлттық бірегейлігіміздің бір бөлігіне айналды.
Толеранттылық – бұл диалогқа қабілеттілік. Яғни өз көзқарасыңнан өзгеше пікір ұстанған адаммен ортақ тіл таба білу. Бұл – әртүрлі дүниетанымдағы адамдар арасындағы көпір. Егер біз бір-біріміздің «интонациясын» немесе риторикасын түсінбесек, онда басты міндет – өзара түсіністік тудыратын жаңа тіл табу. Себебі толеранттылықтың негізінде адамды «жат», «бөтен» деп қабылдамай, оны өзіңмен тең санау жатады.
Әлемде түрлі мәдениеттер мен нанымдардың бар екенін мойындау – өркениетті қоғамның белгісі. Толерантты тұлға өз ұстанымын өзгеге таңбайды, керісінше, келісім мен ынтымаққа ұмтылады. Бұл қасиет адамгершілік пен рухани кемелдіктің көрінісі.
Қазақстанда бұл құндылық мемлекеттік саясат деңгейіне көтерілген. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде зайырлылық қағидаты қоғамның рухани және құқықтық жүйесінің негізіне айналды. Бүгінде елімізде 130-дан астам этнос пен 18-ге жуық конфессия өкілдері бейбіт өмір сүріп жатыр. Конституция әр азаматтың ар-ождан және діни сенім бостандығына кепілдік береді.
Қазіргі әлемде діни және этносаралық төзімсіздік түрлі қақтығыстардың себебіне айналып отыр. Ал Қазақстан керісінше, толеранттылық пен өзара сыйластыққа негізделген қоғам үлгісін қалыптастыра алды. Біздің елімізде әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі тұрақты түрде өткізіледі. Бұл бастама — түрлі дін өкілдерін ортақ үнқатысу алаңында біріктірген бірегей қазақстандық тәжірибе.
Толеранттылық – тек мемлекеттік саясаттың құралы емес, ол – әр азаматтың күнделікті өмірінің бір бөлігі болуы тиіс. Себебі әрқайсымыз белгілі бір деңгейде өзгелерге қатысты не түсіністік, не кемсіту таныта аламыз. Төзімділік мәдениетін дамыту – қоғамдағы үйлесімділік пен сенімнің басты кепілі.
Қазақ халқының дәстүрінде бұл құндылық ежелден бар. «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген сөздер соның дәлелі. Қазақтың қонақжайлығы, кеңпейілділігі мен өзгені қабылдау қасиеті — ұлттық мінездің ажырамас бөлігі.
Толеранттылыққа тәрбиелеу – бұл да рухани білім беру процесінің бір бөлігі. Адам өзге мәдениетті, өзге дінді түсінуге ұмтылған сайын өзінің де рухани әлемін кеңейтеді. Басқаны қабылдау – өзіңді байыту.
