Қазақстанда экологиялық автомобиль және авиациялық отын өндіретін зауыт салынады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
KazFoodProduckts бас директоры Әлихан Талғатбек Үкімет отырысында компанияның агроөнеркәсіп кешеніндегі өндірісті әртараптандыру бойынша табысты тәжірибесі туралы айтты.
KazFoodProduckts компаниясы 2017 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданында жұмыс істемейтін "Биохим" зауытын сатып алған. Қысқа мерзім ішінде ауқымды жаңғырту жүргізіліп, технологиялық процестер қалпына келтіріліп, кәсіпорын іске қосылған.
"Қазір жыл сайын 300 мың тонна астықты жоғары өңделген өнімдерге – крахмал, бидай глютен және биоэтанолға бөліп өңдейміз. Осының арқасында жай астық экспортымен салыстырғанда айтарлықтай жоғары қосылған құн қалыптасады. Өндірілген биоэтанол Еуропа елдеріне экспортталады, ал глютен бізге алыс шетелдердің, соның ішінде АҚШ пен Жапония нарықтарын ашты. Өз кезегінде крахмалды ТМД және Азия елдеріне негізгі жеткізуші болып отырмыз", - деді Әлихан Талғатбек.
Ол "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ-мен және америкалық серіктестермен ынтымақтастықта ТМД-да экологиялық таза автомобиль және авиациялық отын (SAF) өндіретін алғашқы зауыт салу жөніндегі жобаны жүзеге асыру басталғанын айтты.
Зауыттың қуаты – 50 мың тонна, ал инвестиция көлемі - шамамен 200 млн доллар.
