Тіл мәселесіне нүкте қойыла ма: 9-баптың даулы тармағы қайта қаралуы мүмкін

Самал Асқар 06 ақп. 2026 18:09

Конституцияның 9-бабына қатысты даулы норманы жұмсартатын әрі ұғымдық шекараны нақтылайтын жаңа редакция Конституциялық комиссияның қарауына енгізілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қоғамда ұзақ уақыттан бері пікірталас тудырып келе жатқан тіл мәселесіне байланысты бастама көтерген азаматтар даулы формулировканы алып тастамай, оны жаңаша түсіндіру жолын ұсынды. Әсіресе, орыс тілінің «ресми» және «тең» мәртебесіне қатысты тіркестер қоғамда түрлі түсінбеушілік пен саяси алыпсатарлыққа себеп болғаны айтылып жүр.

Ұсыныс авторларының айтуынша, қазіргі жағдайда Конституцияның 9-бабының 2-тармағын толық алып тастау мүмкін емес. Алайда тармақтағы формулировканы модернизациялау арқылы бірқатар тәуекелдің алдын алуға болады.

Осыған байланысты «ресми түрде» және «мемлекеттік тілмен тең» деген ұғымдардың орнына «қажет болған жағдайда» және «қосымша» деген нақты әрі құқықтық тұрғыдан шектеулі формулировкалар енгізу ұсынылған. Бұл тәсіл, бір жағынан, биліктің саяси көрегендігін көрсетсе, екінші жағынан азаматтық ұсыныстарға құлақ асудың белгісі ретінде бағаланып отыр.

Ұсынылған жаңа редакцияға сәйкес Конституцияның 9-бабы мынадай түрде жазылуы мүмкін:

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі.
Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қажет болған жағдайда қазақ тіліне қосымша орыс тілі қолданылады.
Мемлекет біртұтас Қазақстан халқының тілдерін үйрену және дамыту үшін жағдай жасауға қолдау көрсетеді.

Бастамашылардың пікірінше, бұл өзгеріс қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін нақтылап қана қоймай, оны өзге тілдермен теңестіріп келген қате түсініктерге де шек қояды. Сонымен қатар, тіл мәселесін саяси қақтығыс құралына айналдырмай, құқықтық өріске көшіруге мүмкіндік береді.

Қазір ұсыныс Конституциялық комиссия мүшелерінің қарауында. Шешім алдағы уақытта қабылдануы тиіс. Егер бастама қолдау тапса, бұл тіл мәселесіндегі ең өткір ұғымдық қайшылықтардың біріне нүкте қоюы мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove