Заңсыз контент таратқан 20-дан аса стример жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Көп қаралым, лайк және донат жинауды көздеген олар тікелей эфир барысында балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсеткен, қауіпті пранктер ұйымдастырып, өзге азаматтарды қорлаған.
"Мұндай контенттің күн сайын кең аудиторияға, оның ішінде кәмелетке толмаған балаларға қолжетімді болуы ерекше алаңдаушылық туғызады. Шымкент қаласының 48 жастағы тұрғыны Ербол Дүйсенбаев TikTok желісінде тікелей эфир барысында бейәдеп сөздер қолданған. Сот шешімімен ол 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Талдықорған қаласының 44 жастағы тұрғыны Гүлмира Қасенова TikTok-тағы тікелей эфир кезінде қоғамдық тәртіпті бұзып, балағат сөздер айтқан. Бұған дейін де осындай құқықбұзушылық үшін жауапкершілікке тартылған ол бұл жолы әкімшілік айыппұл алды", - деді полиция.
Павлодар қаласында 26 жастағы Аслан Амантаев көлік тізгінінде отырып тікелей эфир жүргізген, балағат сөздер айтып, қауіпсіздік белдігін тақпаған. Соттың шешімімен ол 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Түркістан қаласында "bayan_kyz", "fatima.sh0000" және "fatima_s003" никнеймдерімен танымал Баян Шанкеева жауапкершілікке тартылды. Ол тікелей эфирде бейәдеп сөздер айтып, агрессивті мінез-құлық көрсеткен. Сот оған әкімшілік айыппұл тағайындады.