Тестке қатысты түсініксіз жағдай туындады: Мұғалімдер жаңа өзгеріске алаңдап отыр

Қаракөз Амантай 14 сәу. 2026 12:36

8 сәуірде Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова педагогтердің біліктілігін бағалау тестілеуі алынып тасталғанын мәлімдеген еді. Алайда араға санаулы күн салып мұғалімдер арасында аттестация мен тестілеудің қайта жалғасатыны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Редакцияға жолданған мәліметке сәйкес, бірқатар педагогтер мен мектеп басшылары министрлік тарапынан тестілеуге қатысты жаңа хабарлама келгенін айтып, алаңдаушылық білдірген.

Мұғалімдердің сөзінше, оларға тестті енді бір-ақ рет тапсыруға мүмкіндік берілетіні, ал бұған дейін өте алмаған педагогтерге қайта тапсыру мүмкіндігі берілмейтіні хабарланған. Сонымен қатар кейбір ұстаздар білім беру ұйымдарының басшылары мен директор орынбасарларының да тестілеуден өтетіні айтылғанын жеткізді.

"Жақында ғана аттестация тоқтайды деген ақпарат айтылған еді. Енді қайтадан тест тапсыратынымыз хабарланып жатыр. Мұның бәрі бір күнде өзгеріп кеткендей. Мұғалімдер не болып жатқанын түсінбей отыр", – дейді педагогтердің бірі.

Бұған қоса, редакция иелігіндегі ресми хатта педагогтерді аттестаттау рәсімі 14 сәуірден бастап жалғасатыны көрсетілген. Құжатта алғаш рет педагог білімін бағалауға қатысатын тұлғалар үшін 16–27 сәуір аралығында тестілеу өтетіні жазылған.

Аталған ақпарат әлеуметтік желіде де қызу талқыланып жатыр. Көпшілік министрдің тестілеуді алып тастау жөніндегі мәлімдемесінен кейін мұндай өзгерістердің пайда болуын түсіне алмай отырғанын айтуда.

Министрлік не дейді?

Күні кеше Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестациялаудың жаңа моделін әзірлеу бойынша мәлімдеме жасады.

Ведомствоның хабарлауынша, реформалардың негізгі мақсаты – педагог еңбегін әділ әрі ашық бағалау жүйесін қалыптастыру, артық талаптар мен негізсіз қаржылық шығындарды қысқарту.

Министрлік жаңа аттестаттау жүйесі педагогтердің жұмыс нәтижелеріне негізделіп, барынша түсінікті әрі объективті форматқа көшірілетінін мәлімдеді.

"Негізгі өзгеріс – педагогтердің білімін бағалау тесті толығымен тоқтатылады", – деп хабарлады министрлік.

Алайда ведомство тестілеу барлық педагогтер үшін бірдей жойылмайтынын нақтылады. Министрліктің түсіндіруінше, тест педагогикалық оқу орындарын жаңа аяқтаған жас мамандарға, педагогикалық қызметіне үзіліс жасап қайта оралған ұстаздарға, сондай-ақ білім беру ұйымдарының басшыларына, олардың орынбасарларына және әдістемелік орталық әдіскерлеріне сақталады.

Сондай-ақ мектепте кемінде екі жыл үздіксіз еңбек өтілі бар педагогтер біліктілік санатын алуға өтініш бере алады.

"Олардың біліктілігін бағалау жаңа қағидаларға сәйкес тек практикалық нәтижелер негізінде жүргізіледі", - делінген хабарламада.

Министрлік мәліметінше, мұнда педагогтің кәсіби жетістіктері, оқушыларының нәтижесі және оқу-тәрбие жұмысының сапасы ескеріледі.

Сонымен бірге барлық деңгейдегі педагогтер үшін авторлық бағдарламалар мен оқу-әдістемелік материалдарды ұсыну талабы алып тасталады.

"Аталған өзгерістер 2027 жылдан бастап енгізілетін аттестаттау жүйесіне байланысты", - деп мәлімдеді ведомство.

Министрлік жаңа жүйеге кезең-кезеңімен көшу үшін өтпелі кезең қарастырылғанын да атап өтті.

"Олардың аттестаттауы 2026–2027 оқу жылына ауыстырылып, жаңа қағидалар бойынша ПББ тапсыру қажеттілігінсіз өткізіледі", - делінген ресми ақпаратта.

Осыған байланысты педагогтер Оқу-ағарту министрлігінен аттестация тәртібіне қатысты нақты түсініктеме беруді талап етіп отыр.

Аталған жағдай бойынша Dalanews.kz редакциясы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға ресми сауал жолдады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove