Қазақстанда балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына шектеу қою мүмкіндігі әлі де талқыланып жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкіметте өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, ведомствода бұл бағытта бірнеше ұсыныс қарастырылып, арнайы жұмыс тобы құрылған. Оның сөзінше, балаларды заңсыз әрі зиянды контенттен қорғауға бағытталған түрлі тәсіл бар және мұндай тәжірибелер бірқатар елде заңнамалық деңгейде енгізілген.
"Бұл мәселе әлі ашық күйінде қалып отыр. Ол қоғаммен, соның ішінде ата-аналармен, педагогтермен және медиа өкілдерімен бірлесіп талқыланады", – деді министр.
Журналистер сұрағына жауап берген Жұлдыз Сүлейменова нақты тетіктер жұмыс тобының отырыстары басталғаннан кейін белгілі болатынын айтты. Алдын ала ұсынылып отырған бірнеше бағыт бар.
Атап айтқанда, министрлік балаларға арналған SIM-карталарды тіркеу жүйесін енгізу мүмкіндігін қарастырып отыр. Сонымен қатар 14 жасқа дейінгі балаларға көрсетілетін құқыққа қайшы контентті бақылау тетіктерін әзірлеу де осы қатарда.
Бұдан бөлек, мектеп бағдарламасында бар цифрландыру және медиасауат пәндері аясында оқушылардың цифрлық ортада сауатты болуына ерекше мән берілмек.
Министрдің айтуынша, балалардың әлеуметтік желілердегі белсенділігін шектеу секілді мәселелер медиа және ата-аналар қауымдастығымен кеңесе отырып, ашық форматта шешілуі тиіс.
