Tele2-нің бұрынғы қызметкері жұмыстан заңсыз шығарылғанын айтып, сотқа жүгінді

Tele2-нің бұрынғы қызметкері жұмыстан заңсыз шығарылғанын айтып, сотқа жүгінді
Фото: ЖИ

Tele2 Kazakhstan брендімен жұмыс істейтін "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС-нің бұрынғы қызметкері Денис Жорнов жеке деректердің жариялануына байланысты жұмыстан шығарылған. Компанияда 15 жыл еңбек еткен маман бұл шешімді заңсыз деп санап, сотқа жүгінуге ниетті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Hronika.kz басылымының мәліметінше, Денис Жорнов компанияда еңбекақыны есептеу және қызметкерлерді басқаруға арналған "1С:ЗУП" бағдарламасын енгізуге жауапты болған. Дау осы жобаны іске асыру кезінде мердігер ұйым қызметкерінің компанияның ақпараттық жүйесіне қашықтан кіруінен туындаған.

2026 жылғы 2 ақпанда ақпараттық қауіпсіздік қызметі мердігер маманының жүйедегі мәліметтерді қарағанын анықтаған. Қызметтік тексеру материалдарында қашықтан қосылу кезінде оның компьютер экранын суретке түсірген болуы мүмкін екені көрсетілген.

Жорнов деректер базасын бөгде адамға өз бетінше бермегенін айтады. Оның сөзінше, мердігерге қашықтан кіруге компанияның ақпараттық қауіпсіздік қызметі алдын ала рұқсат берген. Мердігер құпия ақпаратты жарияламау туралы міндеттемеге де қол қойған.

"Деректерді көшіру жоба бойынша жасалған келісімде қарастырылған. Құжатта персоналдық мәліметтер мен орташа жалақы туралы ақпаратты жаңа жүйеге көшіру қажеттігі көрсетілген", - дейді бұрынғы қызметкер.

Оқиғадан кейін, 26 ақпанда компанияда қызметтік тексеру басталған. Наурыз айының басында Жорновтан жазбаша түсініктеме талап етіліп, ол өз ұстанымын жобаның бекітілген құжаттарына сүйене отырып түсіндірген.

Алайда 29 мамырда онымен жасалған еңбек шарты бұзылды. Жұмыстан шығаруға Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 15-тармақшасы, яғни заңмен қорғалатын құпияны жария ету негіз болған.

Жорнов дауға себеп болған әрекетті мердігер ұйымның қызметкері жасағанын алға тартады. Оның айтуынша, рұқсатсыз кіру туралы ақпарат түскеннен кейін мердігердің жүйеге қолжетімділігі оның тапсырмасымен бұғатталған.

Осы кезеңде маманға «1С» жүйесінің жұмысына қатысты тағы бір қатаң сөгіс жарияланған. Кейін келісу комиссиясы қызметкердің кінәсін растайтын дәлелдер жеткіліксіз деген қорытындыға келіп, бұл жазаны толық жойған. Алайда «1С:ЗУП» жобасына байланысты жұмыстан шығару туралы шешім күшінде қалған.

Бұрынғы қызметкер еңбек инспекциясына да жүгінген. Алайда ведомство заңбұзушылық анықтамаған. Осыдан кейін ол прокуратураға шағым түсірген.

Жорнов тәртіптік жазаны қолдану мерзімі де сақталмаған деп есептейді. Мердігер тарапынан жасалған әрекет 2 ақпанда анықталғанымен, жұмыстан шығару туралы бұйрық 29 мамырда қабылданған. Бұл уәжге түпкілікті құқықтық бағаны сот береді.

«Компанияда 15 жыл жұмыс істедім. Осы уақыт ішінде маған бірде-бір тәртіптік жаза немесе басшылық тарапынан ескерту жасалған емес. Енді өз беделімді қорғап, жұмыстан шығару туралы бұйрықтың күшін жою үшін сотқа жүгінуге мәжбүрмін», – деді Денис Жорнов.

Оның сөзінше, құпия ақпаратты жариялады деген негізбен жұмыстан шығару кәсіби беделіне нұқсан келтіріп, кейін басқа жұмысқа орналасуына кедергі келтіруі мүмкін.

Hronika.kz мәліметінше, «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясы осы жағдайға қатысты журналистердің сауалдарына жауап бермеген. Енді еңбек дауына байланысты тараптардың дәлелдерін сот қарайды.