Астанада өткен AI Digital Qazaqstan 2026 халықаралық форумында Денсаулық сақтау вице-министрі ретінде Бейбіт Сәлімов есімді азамат таныстырылды. Hronika.kz басылымы оның 2024 жылғы наурызда қызметінен босатылған бұрынғы вице-министр Бейбіт Есенбаев болуы мүмкін екенін жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Басылым жариялаған мәліметке сәйкес, Бейбіт Сәлімов пен Бейбіт Есенбаевтың сырт келбеті бір-біріне қатты ұқсайды. Осыған байланысты автор бұрынғы шенеунік тегін ауыстырып, министрліктегі қызметіне қайта оралды деген болжам айтқан. Алайда бұл ақпаратқа қатысты Денсаулық сақтау министрлігі әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.
Бейбіт Есенбаев 2024 жылғы наурызда денсаулық сақтау вице-министрі қызметінен босатылған. Сол кезде министр Ақмарал Әлназарова Мәжілісте денсаулық сақтау саласындағы цифрлық жүйелердің жұмысына сын айтқан еді.
"Кез келген мәселе ашықтықты талап етеді. Соңғы бес жылдың өзінде осы мақсаттарға 15 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Алайда нәтиже жоқтың қасы. Бірде-бір жүйе толыққанды жұмыс істемейді және сала ресурстарының пайдаланылуын басқаруда қажетті ашықтықты қамтамасыз ете алмай отыр", - деген еді министр.
Біртанов ісіндегі куәгер
Hronika.kz мәліметінше, Бейбіт Есенбаев бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен экс-вице-министр Олжас Әбішевке қатысты іс бойынша куәгер болған.
Басылым Есенбаевтың тергеу кезінде Біртанов пен Әбішевтің әңгімелерін арнайы құрылғыға жазып жүргенін хабарлады. Оның сотта бұл құрылғыны Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері бергенін айтқаны көрсетілген.
Елжан Біртанов пен Олжас Әбішев 2022 жылғы қазанда қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп танылған. Іс елдегі медициналық ақпараттық жүйелерді біріктіруге арналған интероперабельдік платформасына қатысты болды.
Жоба 2019 жылы Қазақстандағы әртүрлі медициналық жүйелердегі ақпаратты бір арнаға жинауға тиіс еді. Ол сынақ режимінде іске қосылған кезде дәрі-дәрмек айналымындағы бірқатар күмәнді дерек анықталған.
Олжас Әбішевтің айтуынша, жүйе арқылы тегін дәрі алғаны көрсетілген азаматтарға SMS хабарлама жіберілген. Екі миллион адам дәрі-дәрмекті алғанын растағанымен, қалған бір миллион адамның арасында қайтыс болған, азаматтығын ауыстырып, елден көшіп кеткен және дені сау адамдар болған.
"Есептен шығарылған дәрілер Шымкенттегі қоймадан табылды. Тіпті үстінде “тегін” деген жазуы бар препараттар Өзбекстанда, Қырғызстанда және Ресейде сатылған. Сериялық нөмірі арқылы бұл дәрілердің мемлекеттік тапсырыспен Оңтүстік Қазақстан облысына алынғанын анықтадық", - деген Олжас Әбішев.
Оның сөзінше, 2018 жылғы қаңтарда тегін дәрі таратқан дәріханаларға жүргізілген тексеру барысында 2017 жылғы желтоқсанда тұрғындарға берілді деп көрсетілген төрт миллиард теңгенің препараты қоймалардан табылған.
Hronika.kz бұл Біртанов ісіне қатысы бар адамның тегін ауыстыруына қатысты екінші жағдай екенін атап өтті. Бұған дейін Олжас Әбішев Қаржылық мониторинг комитетінің қызметкері Аслан Әлімов кейін Аслан Кеңес деген аты-жөнмен Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің басшысы болғанын айтқан.
Аталған жағдай бойынша Dalanews.kz ақпарат агегттігі Денсаулық сақтау министрлігіне сауал жолдады.