«Таза Қазақстан»: Маңғыстау спортшылары теңіз жағалауын қоқыстан тазалады

Ақтоты Жапатова 01 там. 2025 16:10

Мемлекет басшысының бастамасымен ел аумағында бастау алған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 1 тамыз күні Маңғыстау спортшылары теңіз жағалауын қоқыстан тазалады. Экологиялық науқан аясында 25 тоннаға жуық қоқыс шығарылды,- деп хабарлайды Dalanews.kz Өңірлік Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.

Экологиялық іс-шараға 37 спорт мекемесінен 450 спортшы қатысты. Қатысушыларға қалалық әкімдік тарапынан қажетті құрал-жабдықтар берілді.

-Өңір спортшылары тазалық жұмыстарын жиі жүргізеді. Бүгін 25 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Бұл жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыру жоспарда бар, - деді Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Қанат Мангубаев.

Тазалық науқанына қатысқан еркін күрестен Азия чемпионы Маис Алиев барша өңір тұрғындарын теңіз жағалауын ғана емес, қаламызды да таза ұстауға шақырды.

-Біз бұған дейін де спортшылармен, жаттықтырушылармен бірге тазалық жұмыстарын жүргізгенбіз. Менің ойымша, тазалық әр адамның өзінен басталады. Ақтау - біздің ортақ үйіміз. Барша өңір тұрғындарын теңіз жағалауын ғана емес, қаламызды да таза ұстауға шақырамын, - деді Маис Алиев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар