Қазіргідей дамыған заманда ақпараттық кеңістік қатып қалған қасан өлшемдер аясында күн көрмесi анық. Жылдар мен мезгiлдер, дәуірлер мен заманалар шоғырында гүлденіп-көркейіп немесе өзгерiп, толысып тұраратын қасиетке ие.
Елдiң назарынан, мемлекеттің мейiр мен пейiлiнен тыс қалған ақпараттық кеңістік жабайы өркениеттiн кейпіндегі күлдібадам жағдайда күн кешетіні анық. Соныдқтан руханият ұстынын бекем етер саланың бiрi – БАҚ. Әрқандай басылым, газет-журнал, радио-телеарналар ел руханиятының оң бағытта, көшелі керуенде болуын қамтамасыз етер негiзгi тiрек болуға тиiс. Талдап-таразылап, сүбелiсiн, татымдысын, нанымдысын елге ұсыну, ең озық үлгiлерiн дәріптеу басты мiндеттiн бiрi.
Әдебиет, кино, музыка, театр әлемі – мәдени ошақтардын қайнар бұлағын лайландырмайтын тұмса көлдер. Егер бұлардан қуат кетсе, онда елдiн iшiн даңғазалық кезеді. Тәуелсіздік жылдары еліміздегі қазақ газеттері өзiнiң тарихында барынша танымдық, зерттермендік сипаттағы материалдарды өз уақытында ұсынуға күш салды.
30 жылдық тарих – қысқа уақыт. Дей-тұрғанмен, осы жылдар iшiндегi рухани өмiрдегi құбылыстардың кез-келгенi газеттің сарғайған беттерiнде таңбаланды.
Саяси науқандар мен бітпейтiн реформалар, жыл сайын ұрандардың арасында қазақ газеттері рухани-мәдени салаға барынша көңіл бөлуден танған жоқ. Себебi, оқырман көңiлi қай уақытта болса да алдымен мәдени жаңалықтарға аңсарлы болады. Газет бетінен өзінің рухи әлемін нұрландырар, шуақтандырар тағылымды дүниелердi iздеу оқырмандық пейілдін ең арайлы дидарына айналды.
Тәуелсіздік жылдары қазақ газеттері елдiң iргесiн бекiтiп, етек-жеңін жиюына септесіп қоймай, рухани сергектікті қалыптастыруға өзіндік үлесін қосты деп нық сеніммен айтуға болады. Бұған оқырмандардың сұранысы мен iзденiсi куә. Оқырманның сөзi – ең аяулы сөз. Олардың шығармашылық iзденiсiн, түлеуiн қадағалап, ойына ой қосар қанатқақты айдарлар да газет бетінен орын тапты.
Қазақ басылымдары кино әлемiндегi айтыс-тартыстар мен сын пiкiрлердi де дер уақытында ұсынып, әрбiр жаңа туындының бары мен жоғын түгендеген талдаулар, қадамына сәттiлiк тiлейтiн ақжарма лебіздер уақтылы ұсынды.
Әрине, бәріне уақыт төрешi, бiрақ солай деп қол қусырып отырсақ, таным мен танудың аражiгiнен өріп шығатын зерделiлiк құрдымға кетуi мүмкiн. Әр газеттің өз оқырманы, өз аудиториясы бар. Әр оқырманның өз газеті, өз ойлау формасы бар. Соның бәрiне ортақ құндылықты екшеп, таразылап ұсыну – әр басылым ұжымының ең басты мiндетi.
Кезiнде «Қазақ» газетін шығарған Алаштың ағартушылары салған соқпақ – рухани темiрқазықты мығым ету болса, бүгiнгi басылымдардың да қолындағы шырағданы сол бағыт болуы тиiс.
Жаһандану дәуiрiнен үрке қараған сайын, ол өз өктемдiгiн бiлдiре түсті. Ал оған қазақы бояу бере отырып, озығын алып, өзіміздікіне айналдырып, өзiмiздiкiн кемелдендіре алсақ, онда төккен тердiң өтелгенi.
Бiр кездері хат тануды сауаттылық көрген ұлт, бұл уақытта өзiнiң төл тарихынан, мәдениетiнен мақұрым, дейтұрғанмен арғы-бергiнiң тiлiнен, рухынан сусындаған ұрпақты өз танымына жүгiндiре алмай әуреге түсуде.
Бір кездерi өзге тілді білу бiлiмдiлiк пен парасаттылық саналса, бүгінде өзге тiлдi бiлгенiмен, өз тiлiн бiлмейтiн буынды берi қарата алмай әуре.
Өзiн-өзi қомсынатын, бастысы рухани байлығы мен кемелдiгiн танымайтын, танығысы да келмейтiн бiр шоғырға жiбектей жұмсақ мiнезiмен, кейде арландық асау табиғатымен үн қату керек-ті. Оны орындай алдық па, жоқ әлде діттегенiмiзге жете алмадық па, таразылап көрмедiк.
Бiрақ, қандай сәттер болса да қазақ газеттері кез-келген дүниеден тыс қалмауға, қалыс қалмауға ұмтылды. Бұл анық дүние.
Ержан ҚАМАЛБЕКОВ