Қазақстанның ерлер құрамасы қылыштың шпага түрінен алғаш рет әлем чемпионатын жеңіп алды, деп хабарлайды dalanews.kz tengrisport.kz-ке сілтеме жасап.
Қытайдың Гонконг қаласында өткен әлем чемпионатының финалында қазақстандықтар Украина құрамасымен кездесті. Финалдың ерекшелігі Қазақстан құрамасына украиналық маман Александр Горбачук жетекшілік етті.
Финалда ел намысын Вадим Шарлаимов, Ерлік Сертай, Кирилл Проходов және Руслан Курбанов қорғады.
Финал қалай өтті?
Кездесудің алғашқы бөлігінде екі команда бір-бірінің тактикасын бақылап, пассивті әрекеті үшін екеуі де ескерту алды. Дегенмен жекпе-жектің алғашқы үштен бірінен кейін Қазақстан құрамасы екі ұпай айырмасымен алға шықты.
Кездесудің ортасында Вадим Шарлаимов аяғын жарақаттап алып, дәрігердің көмегіне жүгінді. Соған қарамастан бас бапкер оны алмастырмай, үзілістен кейін спортшы қарсыласынан төрт ұпай ұзап кетті.
Алайда матчтың соңына қарай Украина құрамасы есеп айырмасын екі ұпайға дейін қысқартты.
Жарақатына байланысты Вадим Шарлаимов финалдағы соңғы жекпе-жекке қатыса алмады. Оның орнына әлем чемпионаттарында жеке медаль жеңіп алған Қазақстандағы жалғыз семсерлесуші Руслан Курбанов шықты.
Шешуші айқас алдында Қазақстан құрамасы бес ұпай айырмасымен алда болды. Соңғы жекпе-жекке 19 жастағы Кирилл Проходов шығып, жауапкершілікті абыроймен еңсеріп, команданың жеңісін қамтамасыз етті.
Қорытынды есеп – 45:40, Қазақстанның пайдасына.
Алтынға апарар жол
Әлем чемпионаты басталар алдында Қазақстан құрамасы дүниежүзілік рейтингте бесінші орында тұрған. Сондықтан бұл жеңісті көпшілік күтпеген сенсация деп бағалап отыр.
Алтын медальға дейінгі жолда қазақстандықтар Финляндия, Өзбекстан, Дания және Мысыр құрамаларын жеңді. Ең тартысты кездесу Өзбекстан командасына қарсы өтті. Сол матчта Қазақстан құрамасы есепте қалып келе жатып, соңғы сәтте бір ғана дәл соққының арқасында жеңіске жетті.
Қола жүлдені жартылай финалда Қазақстаннан жеңілген Мысыр құрамасы иеленді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасының әлем чемпионаттарындағы ең жоғары жетістігі былтыр Грузияда өткен жарыста жеңіп алған қола медаль болатын.
Тарихи жеңістен кейін команда көшбасшысы Руслан Курбанов Tengri Sport-қа берген сұхбатында Қазақстандағы семсерлесу спортының дамуы туралы пікір білдірді.