Кейінгі уақытта Таразда және Жамбыл облысында киберқауіпсіздікке қатысты мемлекеттік сатып алулардың басым бөлігін бір ғана компанияның ұтып жүргені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мәселе нарықтағы бәсекенің жоқтығында емес. Goszakupturaly телеграм арнасының айтуынша, тапсырыс берушілер сатып алу шарттарын белгілі бір талаптарға сәйкестендіріп әзірлейді.
“Көптеген конкурста біліктілік талаптары мүлде көрсетілмеген немесе өте аз болғанымен, міндетті шарт ретінде арнайы лицензия талап етіледі. Бұл лицензиялардың қажеттілігі жедел-іздестіру іс-шараларымен байланыстырылғанымен, техникалық сипаттамаларда мұндай жұмыстардың жүргізілетіні нақты көрсетілмеген”, - дейді дереккөз.
Тағы бір назар аударарлық жайт – дәл осындай мазмұндағы сатып алуларды Тараз қаласы мен облыстағы әкімдікке қарасты бөлімдердің басым бөлігі өткізген. Ал еліміздің өзге өңірлерінде мұндай тәжірибе кең тарамаған. Көп жағдайда басқа аймақтарда ұқсас конкурстар бірнеше қатысушының өтінімімен қалыпты жағдайда өтеді және мұндай лицензиялар талап етілмейді.
Ал Тараз бен Жамбыл облысындағы көптеген сатып алуларға небәрі бір ғана өтінім түскен. Сарапшылар мұның себебі сатып алу талаптарының ерекшелігімен байланысты болуы мүмкін екенін айтады.