Әлеуметтік желіде Тараздағы түзету балабақшаларының бірінде аутизмі бар баланың қолы мен аяғын байлап қойған видео тарады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Qumash телеграм арнасының мәліметінше, баланың төсектен тұруға әрекеттенгені көрінеді. Алайда аяқ-қолы байлаулы болғандықтан, ол құлап, басын кереуетке соғып алған. Осыдан кейін тәрбиеші баланы қайта жатқызған.
Баланың әпкесі мұндай жағдайдың бұған дейін де болғанын айтады. Оның сөзінше, баланы ұйықтату үшін аяқ-қолын байлап, кей кездері ұрып-соққан. Бірде бала басынан жарақат алып, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген.
Балабақша өкілдері мекемеде өзіне зақым келтіруі мүмкін балалар бар екенін мәлімдеді. Алайда бұл баланың аяқ-қолын байлауға не себеп болғанын нақты түсіндірмеген.
Оқиға бойынша кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндеттерін орындамау бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды. Қазір мән-жай анықталып жатыр.