Тараз қаласының маңында 15 жастағы Миятбек Ерсеит қаза тапты. Марқұмның ата-анасының айтуынша, қайғылы оқиға болған күні жасөспірім басқа оқушылармен бірге футбол алаңына барған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Отбасының сөзінше, сол жерде жасы үлкен балалар кіші сынып оқушыларын кезекпен ұрып-соққан. Әкесінің айтуынша, Миятбек соңында тұрған және телефонына қарап тұрған кезде кеуде тұсынан соққы алған. Содан кейін ол жерге құлап, есінен танып қалған.
Оқиға куәгерлері оны есін жиғызуға тырысқанымен, кейін жедел жәрдем шақырған. Алайда дәрігерлер жасөспірімнің өмірін сақтап қала алмады. Марқұмның туыстары бұл жағдайды әлімжеттікпен байланыстырып отыр. Дегенмен құқық қорғау органдары әзірге бұл нұсқаны ресми түрде растаған жоқ.
Аталған іс бойынша 16 жастағы жасөспірім ұсталды. Ол қаза тапқан оқушымен бір лицейде оқыған және жақын маңда тұрған. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалған. Оқиғаның мән-жайын құзырлы органдар анықтап жатыр.