Танымал әндердің авторы Сержан Бақытжанұлы өмірден өтті

Танымал әндердің авторы Сержан Бақытжанұлы өмірден өтті
Сержан Бақытжан. Фото: instagram.com/bakytzhan_serzhan

Отандық композитор, Orda және Ninety One топтары орындаған бірқатар танымал әннің авторы Сержан Бақытжанұлы дүниеден озды. Қаралы хабарды оның жақын досы, әнші Дастан Оразбеков әлеуметтік желідегі парақшасында жеткізді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Әнші әріптесінің қазасы қабырғасын қайыстырғанын айтып, оның өнердегі және өмірдегі орнын ерекше атап өтті.

«Бүгін өмірден менің досым, сырласым, әріптесім, ақылдасатын кеңесшім, өнер жолын бірге кешкен аяулы азамат – Сержан Бақытжанұлы өтті», – деп жазды Дастан Оразбеков.

Халық сүйіп тыңдаған әндерді жазды

Сержан Бақытжанұлының қаламынан Orda тобының «Қилы заман», «Ғашықсың ба?», «Жауап бер», «Тағдыр» секілді әндері туған. Сондай-ақ ол Ninety One тобына арнап шығармалар жазып, Дастан Оразбековтің орындауындағы «Көк аспан» әнінің авторы атанды.

Дастан Оразбеков композитордың туындылары оның есімін ел жадында мәңгі сақтайтынына сенім білдірді.

«Сенің жазған әндерің есіміңді мәңгілікке қалдырады. Халықтың жүрегінен орын алған шығармаларың ел аузында әлі талай жыл айтылады», – деді әнші.

Ол Сержан Бақытжанұлын жомарт мінезді, кең жүректі әрі терең ойлы азамат ретінде еске алды. Әншінің сөзінше, композитормен әрбір кездесу мен әңгіме өзіне ерекше рухани әсер сыйлаған.

Дастан Оразбеков марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтып, оның жаны жәннатта болуын тіледі.