Таңжарық Жолдыұлының жаңа өлеңі табылды

Dalanews 25 сәу. 2017 08:37 1160

 

 

 Белгілі ғалым, тарихшы, 30 жылға жуық уақытын Кеңес одаңғының аңдуымен өткізген Әлімғазы Дәулетхан Алашқа аты мәлім Таңжарық Жолдыұлының бұрын ешжерде жарық көрмеген жаңа өлеңін редакцияға жіберіпті. Өлеңді ғана емес, бұл өлеңнің өзінің қолына қалай түскенін егжей-тегжейлі жазыпты. Бір өлеңнің тарихы кейде тұтас қоғамның тарихымен астасып кететіні бар. Оқырмандардан сүйінші сұрай отырып, мақаланы толықтай ұсынып отырмыз.




 

Түрмелес досына жазған арнау өлең

Алаштың ардагер ақыны Таңжарық Жолдыұлының өмірі мен шығармаларының қазақстандықтарға кеңінен таныла бастағаны тәуелсіздіктің ширек ғасырымен тұспа-тұс келді.

[caption id="attachment_26174" align="alignright" width="411"] Ақын жары және қызы Сарамен бірге[/caption]

1974 жылы жазушы Бұқара Тышқанбаев құрастырған екі баспа табақтың «Арман-тау» жинағынан Таңжарықтың ақындық өресі айқындалды деп айта алмасақ та, жырсүйер қауым назарына іліге бастағаны анық болатын. Ал ақынның 100 жылдық мерейтойына орай, Таңжарықтанудың негізін қалаған жазушы Оразанбай Егеубаевтың құрастыруымен «Елорда» баспасынан 2001-2002 жылдары жарық көрген екі томдық шығармаларының «Толық жинағы» деп аталыпты. Сол тұста Оразанбай Егеубаев ағаға: «Толық жинағы» деп жазбай-ақ қоя тұру керек пе еді, өйткені, ел ішінен әлі де талай өлең-жырлары табылуы мүмкін еді ғой. Мәселен, мен 1975 жылы Талдықорғанда тұратын Меңғали деген қариядан жазып алған арнау өлеңі бар. Бірақ, сол өлең жазылған дәптерімді таппай діңкем құрып жүр», – дегенмін.

Сол арнау өлеңінің жазылуы да, менің ол өлеңді қандай жағдайда, қалай жазып алғаным да назар аударуға тұрарлық тағдырлы тарихқа ие болатын.

Назарларыңызға ұсынылып отырған өлең осыдан 73 жыл бұрын Үрімжі түрмесінде бірге жатқан Меңғали Мейірманов деген жолдасының абақтыдан босап, еліне қайтар тұсында 1944 жылы жазылған екен. Аты «Меңғали Мейірмановқа арнау өлең» деп аталады. Тас босаға, тар үйде үш жыл бірге жатқанда әбден сыралғы болып, қимас дос болғаны өлең жолдарынан айқын байқалады.

Мен жазып алған 20 шумақ өлеңнің толық емес нұсқасы төмендегідей. Ал оны неге толық емес дегеніме кейінірек анықтама беремін.

Меңғали Мейірманов, мұңдым сізге,

Қаламды арнап әтей бұрдым сізге.

Неде болса тілдесіп қалайын деп,

Кең жайып құлашымды создым сізге.

 

Толқыны уақыттың кетті бөліп,

Бар еді айтар сөзім ырғын сізге.

Көп жапа көрсетті деп ренжіме,

Бұл жақта қалмақ, қытай тұрғын сізге.

Кедергісі кездесіп, кесел* болды,

42-43 жылдың сізге.

 

Көрерсің тірі шықсаң көп тамаша,

Алдыңда әлі қызық ырғын сізге.

Аз болса да орнықты мекен ізде,

Пайдасы аз бытыранды шілдің сізге.

Ойдан орын болмаса ойлас оны,

Таса жері табылар қырдың сізге.

Шуда, түбіт түскен соң тән мұздайды,

Жылылығы болмайды қылдың сізге.

 

Тәрбиелеп, оқытып, таза өсірсең,

Тиеді көп пайдасы – ұлдың сізге.

 

*42-43 жылдың кеселі дегені, 1942 жылдың қарсаңында неміс армиясы Мәскеу түбіне жақындағанда 7-8 жыл Кеңес өкіметімен достықты дәріптеп келген Шынжаң өлкесінің дара билеушісі Шың Шисай мәлімдеме жариялап, Кеңес өкіметімен болған барлық байланысты тоқтатып, шекараны тарс жапты да жаппай тұтқындау, ату-шабуға кірісті. Меңғали да сол зобалаң тұсында тұтқындалып, Таңжарық жатқан Үрімжі түрмесіне апарылғанын меңзеп тұр.

 

Тағы да таза жардың қадірін біл,

Серігін екі әлемнің тындым сізге.

Жеңге, келін, ұл-қыздың бәрін сыйла,

Деп әтей тапсырады «жындың» сізге.

 

Сәлем де, менен барсаң шешемізге,

Білер, балаң пәленше десеңізде.

«Құдай-ау, осылардың алдында ал» деп,

Шіркін-ай, айтып еді-ау, неше бізге.

 

Еншалла, ата-ананың құрметінде,

Дұспанға кете қоймас есеңізде.

Солардың батасында қор болмайсың,

Битін сығып, сіркесін жесеңіз де.

 

Сәлем де менен барсаң үй-ішіңе,

Рахмет ұлтыңды сүйісіңе.

Ұлтың біліп билігін берсе саған,

Олар үшін көз салып, күй ісіне.

 

Ержігіт, қасқыр-қабылан бәрі бірдей,

Аңдып, атып же таудан құланыңды.

Ашығып аш бөрідей дүние кезсең,

Артыңнан ертіп серік бұланыңды.

 

Тобылғы сап қамшыдан қатері бар,

Белге ұрып өлтіресің жыланыңды.

Басыңа келген іске тәуекел қыл,

Келтірмей күнде қорқып жылағыңды.

Жолға жақын отырсаң жолаушыға,

Азық болып жегізерсің лағыңды.

 

Меңғали, ойлап қара жазған хатты,

Байқайтұғын жігітсің сыр-сымбатты.

Адамы бұл заманның бір күні үшін,

Халықты қан ағызып пұлға сатты.

 

Ойлап-ойлап сөзімді сал миыңа,

Бәрін татқан жігітсің ащы-тәтті.

Ұмытып осы орынды кетіп жүрме,

Босанып болған күні көңіл шатты.

 

Жақынды – алыс, алысты – жуық көрмей,

Жөні келсе, шын сыйла алыс-жатты.

Өз мілләтін өзгеге құл қып беріп,

Сөйтіп біздің бауырды Тәңір атты.

 

Атаң хажы жұрт бағып, таққа мініп,

Асты қылған аштарды, жаяуды атты.

Сен де еліңе қорған бол, жол көрсетіп,

Асылдың сынығысың, шын қымбатты.

 

Тапсырман – тастамаңыз ата салтын,

Атаңның өзі гауһар, атағы алтын.

Сол тұлпардан туылған тобышақсың,

Сезімің бар, сезерсің істің артын.

 

Қалай соқсаң қолыңда жиырма бір,

Ниетіңнен – бұзбасаң ойын парқын.

Ақыл, сабыр, шын жүрек, шын жолдасың,

Өркөкірек, өзімшіл істен тартын.

 

Қош енд көріспесек, көріскенше,

Жолығып қолдың ұшын беріскенше,

Үдірейіп кететін сен емессің,

Жігіттің сырын алып сеніскенше.

 

Сыйыспай үш тақтайға жатушы едік,

Талай бар енді ондай өбіскенше.

Ханымдардың қасында қалжындасып,

 Не заман – сондай болып көріскенше.

 

Төл едің бір жыл туған заманың бір,

Ұмытыспай жүрелік өліскенше.

Қалмады қыр соңымнан деп ойлама,

Қош енді, көзге шыққан теріскенше.

Арнау өлеңнің мәтінінде қателіктер мен шала түскен жолдар бар екені байқалады. Өлең апай-топай дерлік асығыс жазып алынды. Қайырылып нақтылай түсуге, жазылмай қалған жолдарды толықтыруға мұрша болмады.

Осы арада сол бір шарасыздықтың мән-жайын тарата айтып кетпесем, онсыз да қысқа ғұмырын қудалаумен абақты қапасында құсалықпен өткізген шерлі ақыннан қалған асыл мұраға жауапкершілік пен ұқыптылық көрсетпегендей болып қалатын сияқтымыз.

 

«Азаматтығы жоқ тұлғалардың» шекаралық аймаққа баруы

1975 жылдың тамыз айының соңғы күндерінің бірі еді. Ол кезде мен Шымкент қаласындағы М.О. Әуезов атындағы педагогикалық институтының 3-курс студенті едім. Жаздық демалысты Көкшетау облысының Уәлиханов ауданында қойшы болып істейтін досым Балқаш Аятаевпен  бірге өткізуге уәделесіп, Алматыда бас қосқанбыз. Екеуміз де СССР азаматтығында жоқпыз, «Лицо безгражданство» (Азаматтығы жоқ тұлға)  дейтін куәлік бойынша паспорттық режиммен тұрғылықты орыннан өз бетінше басқа жаққа кетуге құқы жоқ саяси сенімсіздер қатарындағы адамбыз. Біз ол тәртіпті бұздық, Алматыда көп аялдамай Талдықорғанның Андреевка (қазіргі Қабанбай ауданы) ауданының Көктұма (Дзержинский) дейтін ауылында тұратын Мейірманов Меңғали ақсақалға жолығу үшін арнайы жолға шыққанбыз. Балқаш 1969 жылы Қытайдан алғаш келгенде аталған аудан орталығында шопырлық курста оқып жүріп, Меңғали ақсақалдың күйеу баласы Төлеухан деген жігітпен жақын араласып, Мекеңнің үйінде болып ескілікті әңгімеге қаныққан, әсіресе, 1942-1944 жылдары Үрімжі түрмесінде әйгілі ақын Таңжарықпен бірге жатып, Таңжарық шығармаларын жатқа айтатынын естігендіктен мен сол адаммен жолығуға ынталы болдым. Аңқылдақ досым Балқаш Төлеухан деген досы барын, сол ауылда сақшы болып істейтінін, шектелген шекара районда жүріп-тұруымызға көмектесетінін айтып мені желіктіре түсті.

Сонымен, тәуекелге бел байлап, шектелген шекараңызға ешбір рұқсат қағазсыз-ақ тартып отырдық. Меңғали ақсақалдың үйіне ешбір кедергісіз көше көлігімен жетіп алдық. Сондағы Меңғали ақсақалдың қуанғанын, қалбалақтап жүріп бір қойға бата сұрап, қазан көтерткенін көріп қатты риза болғанымыз күні бүгінгідей көз алдымызда. Қария менің Таңжарық туып-өскен Күнес ауданынан екенімді, онда да әйгілі Шылбы Әлімахұнның немересі екенімді білгеннен кейін тіпті елжіреп, ағыл-тегіл әңгімеге басты.

Біз сол ауылда бірнеше күн боламыз ғой деп жоспарлағанбыз. Солай болса да өзімді қызықтырған Үрімжі түрмесіндегі Таңжарықпен болған қарым-қатынасына байланысты әңгімеге тарта бердім.

– Төлеухан да ет піскенше келіп қалар, асықпай әңгімелесеміз ғой.

Таңжарық туралы неше сағат, неше күн айтсақ та таусылмайтын қызық та, азапты, тозақы өмір естеліктері ұшан-теңіз ғой. Шіркін, Таңжарықтай жігерлі, қайсар, рухы асқақ жігіттің сұлтанын кезіктіре қойған жоқпын. Қандай азапты тергеулер мен адам төзгісіз ауыр жұмыстардан қалжырап жүрсе де, жарқылдап, әзіл-қалжың айтып, жігіттерді жігерлендіріп, сергітіп тастаушы еді. Әлі есімде, түрмеден Үрімжінің шығыс бетіндегі тауға тас шаққызуға айдап апарғанда: «Тауда туып, таста өскендіктен бе екен, осы жаққа келген сайын тауға қарай қашқым келеді де тұрады. Менімен бірге қашқысы келетін шешесі қалжа жеген бір еркек табылар ма екен?!» деп, жолдастарына ақсия күліп қарағаны жадымда қалыпты.

Бірде жұмбақ айтып, шешуін таба алмасақ өзі айтып беретін. Соның бірі  мынадай жұмбақ еді: «Екі аққу көл бетінде бала шайқап,

Ұясын бірі кетсе, бірі байқап.

Өргізіп балапанын салқын кешпен,

Бір кезде шыға келер көлге жайқап».  Шешуін біз таба алмағанда «Ой, қайран жүйріктерім-ай, әбден болдырып арбаның мәстегіне айналып барасыңдар-ау, шешуі оп-оңай нәрсе ғой, Ай мен күн емес пе?!» – деп күлді.

 

Қарттың сақалын тарам-тарам жас жуды

Мейірман ақсақалдың өзіне арнап жазған өлеңі бар дегенді Балқаштан естіген едім. Ол сұрағыма да қария кідірмей жауап беріп, жоғарыдағы өлең жолдарын төгілте айтып отырды. Мен төте жазумен төтелетіп қағазға түсіріп отырдым. Үлгере алмай қалған кейбір жолдарды соңынан қайталап сұрап жазамын ғой деген сенімде едім. Өлең аяқтала бергенде Балқаш асыға күткен Төлеухан досы үш аяқты мотомен екпіндей келіп тоқтады. Балқаш аңқылдап алдынан шығып, құшағын жая ұмтылып еді, сақшы форматында серейген Төлеухан сұстана қарап, суық амандасты да бірден жұмысына кірісті де кетті.

– Иә, бұл не жүріс, рұқсат қағаздарың бар ма? Мынау шекара районға «Лицо безгражданстволар» түгілі, совет азаматтарының өзі арнайы рұқсатпен ғана келе алады. Қане, нелерің бар, көрсетіңдер, – деді.

– Қарағым-ау, келгендері жаңа ғана ғой, танымай қалдың ба, мынау өзіңнің Балқаш досың, ал анау соның досы, менің Таңжарығымның жерлесі әрі жиені екен. Жігіттерді мазалама, қашып-пысып жүрген ешкім жоқ. Бұлар менің құдайы қонақтарым, арнап сойған адал малымның сорпасын ішіп, басын мүжіген соң-ақ айтар заңыңды айта жатарсың.  Балам, ұят болады. Дастарқанның шырқын бұзба, жуынып келіп бірге отыр, – деген атасының аталы сөзін сөз екен дейтін сақшы болмады. Балқаш та қылжақ әңгімемен  «досының» бетін қайтарғысы келгенінен де ештеңе шықпады.

– Мен ойнап жүргенім жоқ, «дружба есть дружба, служба есть служба», дабай, мотоға отырыңдар... Ата, менің жұмысыма араласпаңыз. Бұлар үшін жеп жүрген нанымнан айырыла алмаймын, – деп дігірледі.

Сондағы Меңғали ақсақалдың ыза мен ұяттан қысылған жан азабын көрудің өзі бір қиямет-қайым талқысындай болды.

Мекең шынымен жан азабында, екі оттың ортасында шыр-пыр болып,           біресе мына бітеу, дүлей күйеу баласына бір, қазан-ошақ басындағы кемпіріне бір құрақ ұша жүгіріп, әбден торыққан болар: «Әй, бәйбіше, сорпасы пісіп қалған шығар, бір-бір шыны сорпа әкел, арнап сойған малдың сорпасынан болса да ауыз тисін! Ой, сұмдық-ай, қытай мен орыстың талай құқайын көріп едім. Мынадай жауыздықты өз баламнан, өз ұрпағымнан көремін деп ойлаппын ба? Әй, лағнет, едіреңдемей аулақ кет. Мына дәмнен ауыз тимей балаларым ешқайда бармайды. Қорлықта қорлықтың ең жаманы өзіңнен көрген қорлық деген осы болар. Ренжімеңдер, ауданға барып начандігінен рұқсат алып қайтып келерсіңдер, бәлкім...».

72 жасқа келген қадірменді Меңғали ақсақалдың бурыл сақалынан тарам-тарам жас аққанын көру қандай азап еді. Сорпа емес, зәр ішкендей болып, әңгімеге қанбаған өкінішті арқалап, аудан орталығындағы сақшы мекемесіне келдік, түсініктеме жаздық, әкірең байлардың айғайын естідік. Ақыры алды-артымызға қаратпай, Талдықорғанға баратын автобусқа отырғызып: «Алматыға, одан әрі тұрғылықты жердегі паспорт столына барып өздеріңді мәлімдейсіңдер, ұқтыңдар ма, ей, бұзақылар», – деп соңғы сөзін орысша былапытпен аяқтады Балқаштың досы Төлеухан.

Балқаш марқұм (2000 жылы ауыр науқастан Алматыда қайтыс болды) екеуміз Талдықорған мен Алматыда бірнеше күн бірге болып, жай-жайымызға кеттік. Институттағы оқу уақыты да болып қалған.

Оқудың алғашқы аптасында аудандық милицияның паспорт столынан, майор Кошлакова дегенннен маған шақыру келді. Жер-жеріме жете ұрсып, былапыттап, институт ректорына қатынас қағаз жіберіп, оқудан қуғызамын деп столды ұрғылады. «Дереу поштаға барып 10 рубль айыппұл төлеген түбіртекті әкеліп көрсетесің, әкелмесең өз обалың өзіңе, оқудан қуыласың», – деп есіктен айдап салды.

Әрине, Кошлакованың айтқаны орындалды. Айыппұл түбіртегін апарып көрсетіп «уһ» деп тынышталдым.

Ол жылдардағы менің қоғамдағы орным, бас бостандығым, азаматтық бет-бейнемнің һауалы осыншалық болатын. «Лицо безгражданство» бойынша мен өз еркімен тұрғылықты мекенімнен басқа жаққа баруға, қоныс аударуға, сайлау, сайлануға, саяси ұйымдарға (комсомол, партия) қатынасуға құқылы емес едім.

[caption id="attachment_26173" align="aligncenter" width="640"] Тарихшы Әлімғазы Дәулетхан[/caption]

Кеңес азаматтығын 17 жылдан кейін алдым

Кеңес азаматтығын 17 жылдан кейін, 1986 жылдың қыркүйегінде әрең алдым. 1989 жылы Алматыға қоныс аударып, адам қатарына қосылғандай болдым. Әттең-ай, шежіре қарт Меңғалимен бір кеш сұхбаттас болғанда, қанша естелік алып қалар едім-ау. Ұрда-жық кеңес сақшысы, бөгде түгіл өз әкесін сыйламайтын көркөкірек Төлеухандар ол заманда да, бүгінгі күнде де қаншама әділетсіздіктерге себепші болып жүргенін өкінішпен еске алғаннан басқа ештеңе қалмады-ау!

Қадірлі жырсүйер қауым, назарларыңызға сүйіншілей ұсынған осы арнау өлең ақын Таңжарық поэзиясының да дүр жауһарлары қатарына қосыла қоймаса да, оның өзіндік тағдыры мен азаматтық ұстанымдарының тәрбиелік һәм тағылымдық орны ерекше екенін баса атап көрсеткіміз келді.

Жалпы, қазақ поэзиясында саяси қуғын-сүргін көріп, абақтыда азаптанып жатқан ақындардың халқымен қауышқан өлең-жырлары туралы білетініміз шамалы. Мағжан ақынның бірер өлеңдерінен басқа баспа бетін көрген шығарманы атай алмаймыз. Ал, көршілес Қытай түрмесінде алты жыл жеті ай жатқан Таңжарық ақынның түрмедегі жан түршігерлік азапты ғұмырының толғау, дастан, арнау өлеңге айналмаған бір сәті жоқ екен. Дауылпаз ақынның мына жолдарын тебіренбей, асқақ рухына бас имей оқи алмайсың.

Жыр менен сарқылмайды жырлай берсем,

Сыр деген таусылмайды, тыңдай бер сен.

Түрмеде көргенімді жазам тыңбай,

Білмеген оқып-білсін, қинай берсін!

Танбаймын, тіл тартпаймын, дұшпанмын шын,

Бөгелмей жазып өлем, сен оқып өл.

Тартамын ақыр жаза соның үшін!

1944 жыл. Үрімжі түрмесі.

 

Мінеки, осылайша өршеленген қайсар ақынның «Түрме халі» (1945), «Кілтшіге» (1945) толғаулары, көптеген жырлары соның жарқын мысалы болатын.

Түрмеде бірге жатқан бірнеше адамдардың өтініші бойынша жазған арнау өлеңдері де аз емес. Ал, Меңғалиға өз қалауы бойынша әдейі арнап жазғандығы жыр-мәтінінен белгілі.

Ойлап қараған адамға, ертеңгі күні не болары белгісіз бір мәзлүм тұтқынның апас-күлесте шығарған шағын арнауында азаматтық өрлік  пен айнымас ұстанымдары атойлап тұрғаны таңғалдырмай қоймайды. Меңғали ақсақалдан жазып алған осы шағын арнау өлең Таңжарық ақынның Шынжаңда және Қазақстанда жарияланған көп томдықтары мен таңдамалыларынан кезіктіре алмағандықтан, осындай аздаған анықтама түсініктемемен баспасөз арқылы туған халқымен қауыштыруды жөн көрдім.

Сөз соңында қайдан, қашан жазып алғаным туралы ешбір ескертпесіз «Дос» деген шағын өлеңінде қолда бар Таңжарық ақын шығармалары жинағынан таппадым. Бұл шағын өлеңді де жырсүйер қауым назарына ұсынуды лайық  көрдім. Бұл өлеңнен опасыз доссымақтарға деген жиіркеніші мен өзгелерге өсиеті ретінде тәрбиелік мәні зор мұра екені  көрінеді:

 

Дос деген сырын алмай жолдастың да,

Жолдас бола кеттім мен жалғастым да.

Таңдап, тауып жүрместен жолдасымды,

Өзіме де обал жоқ, оңбаспын да.

 

Қу құйрық, қаны бұзық бәтшағардың,

Жанына енді жақын бармаспын да.

Не бейнет, қандай қорлық көрсем дағы,

Бұл серттен өлгенімше танбаспын да.

 

Шыныққан әр нәрсеге жалғыз жан бар,

Аштан өліп, көштен, сірә, қалмаспын да.

Жез аяқ «жездем сүйер» жылпылдақтың,

Сөзіне ендігіәрі нанбаспын да.

1945 жыл. Үрімжі түрмесі. Таңжарық Жолдыұлы. 

 

Бұл өлеңнің кімге арналғанын білмесек те, жалдамалы бір сатқын қазақтан тартқан зияны мен өкініші арқау болғаны анық.

 

Дереккөз: "Әдеби портал"

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар