Қазақстан Халық партиясы Құрылтай сайлауына қатысатын 72 кандидаттың ресми тізімін жариялады. Тізімге саясаткерлермен қатар өнер мен медиа саласының танымал өкілдері де енгізілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Партия ұсынған кандидаттардың қатарында ұйым төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов, депутат Ирина Смирнова, әнші Тамара Асар және тележүргізуші Аша Матай бар.
Алайда бұл жолы партияның белсенді мүшелерінің бірі, бұған дейін үш шақырылым қатарынан депутат болған Магеррам Магеррамовтың кандидаттар тізіміне енбегені белгілі болды.
Сондай-ақ партияның съезі кезінде журналистер Аша Матайдан қазіргі таңда талқыланып жатқан заң жобаларының кем дегенде біреуімен танысқан-таныспағаны туралы сұраған. Тележүргізуші бұл сауалға нақты жауап бере алмай, аз уақыт ойланып тұрғаннан кейін сахнаға шақырылып, сұхбатты аяқтаған.