Талғардағы трагедия: Шерзаттың достары төбелесте 13 адамның болғанын растады

Қаракөз Амантай 10 қаз. 2024 16:56 14570

Талғарда бір топ бұзақының қолынан қаза тапқан 16 жастағы Шерзаттың достары оқиға орнында 13 адамның болғанын растады, деп жазады Dalanews.kz.

Марқұмның достарының айтуынша, төбелеске 11 ер адам, екі әйел адам қатысқан.

“Басында 3 адам болды. Артынша Hyundai Accent көлігімен тағы үш адам келді. Сосын қатарға Mercedes кабанмен тағы 5 еркек, 2 әйел адам қосылды. Бірақ қазір естуім бойынша, тек жетеуі қамауға алынған. Екі әйел адам дүкеннен анасын шығармай ұстап тұрды”, - дейді марқұмның досы.

Екінші куәгер де досының сөзін қостап отыр.

“Біз келген уақытта олар дос баламды ұрып-талдырып, басын жарған еді. Содан соң бізді де пышақпен қуалай жөнелді. Ал екі әйел адам әкесі мен анасын ұстап отырды”, - дейді екінші куәгер.

Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкеннен басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осы жағдайдан кейін төбелес басталған.

Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 7 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.

"Шерзаттың ісі атышулы Қуандық Бишімбаевтың сотынан кем емес, өйткені мұнда бүкіл қоғамның әділдікке деген сұранысы тұр",- деп пайымдайды осы тұста DALA INSIDE

15 мың оқырманы бар танымал телеграм-арнаның пайымдауынша, Шерзаттың ісінде қазақтілді орта тек заңдық нормаларды сақтауды ғана емес, құқықтық жүйенің әрбір элементінің әділ болуын талап етуде.

"Иә, Бишімбаевтың ісі де дәл осылай қоғам назарында болды. Шерзаттың ісінде саяси немесе жоғары деңгейдегі тұлғалар болмаса да, қылмыстың қатыгездігі мен қоғамдық әсері оны одан да маңызды етеді.

Мұндай істерде халықтың талабына жауап беру заң тұрғысынан ғана емес, моральдық тұрғыда да маңызды.

Қоғамның талап етіп отырғаны – әділ сот, шынайы жазалау және сот процесінің ашықтығы. Мұндай талаптарды елемеу – халықтың билікке деген сенімін әлсірететін қадам болмақ.

Бишімбаевтың ісі – жоғары деңгейдегі шенеуніктің әйелін қинап өлтіруі және бұл істің тікелей эфирде көрсетілуі маңызды прецедент орнатты. Бұл сот қоғамға әділдік жүйесінің ашықтық қағидасын көрсетті.

Бірақ тек ашықтық жеткіліксіз. Шерзаттың жағдайында қоғам тек заңдық тұрғыдан әділдікке жетіп қана қоймай, моральдық қанағаттануды да талап етеді. Қоғамда қылмысқа қатысты жауапкершіліктің толықтығы мен әділдігі сұралып отырғанда, биліктің бұл мәселені ескермеуі үлкен әлеуметтік толқын тудыруы мүмкін.

Бишімбаевтың кінәсін мойындамауы және сот процесіндегі күдікті сәттер оның жазадан құтылып кету қаупін тудырды. Шерзаттың ісінде оның ауқымын одан да кеңірек қарастыру қажет. 

Халық тек 7 күдіктінің ұсталғанына күмәнмен қарайды, өйткені іс барысында қылмысқа 13 адам қатысқаны туралы мәліметтер бар. Оқиғаға бірнеше адам қатысып, олардың бірқатары жазасыз қалуы мүмкін деген қауесеттер жұрттың наразылығы мен күдігін күшейтуде.

Жасөспірімдер арасында зорлық-зомбылықтың белең алуы, әсіресе қылмыстық топтың қатысуымен орын алған бұл оқиға жабық есік жағдайында қаралса, кінәлілердің жазасыз қалу мүмкіндігін туғызады.

Егер бұл іс жабық түрде өтсе, бұл тек қана құқықтық әділетсіздікке жол ашпайды, сонымен қатар қоғамдағы зорлық-зомбылықтың жазасыз қалуына ықпал етеді.

Билік бұл контексте құқықтық жүйенің тұрақтылығы тек заңдарға ғана емес, қоғамның сеніміне де тәуелді екенін түсінуі керек",- дейді осы орайда DALA INSIDE.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар