Бүгін Алматы облысы прокурорының бірінші орынбасары Дамир Қатаев Талғар ауданының әкімдігінде Талғар ауданының прокуроры Ерлан Тағаевты таныстырды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ерлан Алижанұлы Тағаев прокурорлық қызметін Алматы облысының прокуратурасында бастап,кейін Карағанды жэне Шығыс Қазақстан облыстарында жалғастырған.
Талғар ауданы прокуроры болып тағайындалғанға дейін Курчатов қаласы, ШҚО түзеу мекемелерінде заңдылықтын сақталуын қадағалау жөніндегі арнайы прокуроры, Күршім
ауданы, Аягөз, Абай және Жаңасемей аудандарының, прокуроры қызметін аткарған.
Еске салайық, талғарлық жасөспірім Шерзат Болаттың өлімінен кейін өңірде бірқатар адам қызметінен кеткен болатын. Соның ішінде, Алматы облысы прокурорының орынбасары мен Талғар ауданының прокуроры қызметінен босатылды.
Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 18 қазандағы бұйрығымен Алматы облысы прокурорының орынбасары Саян Бакиров пен Талғар ауданының прокуроры Ескендір Бекманов атқаратын лауазымдарынан босатылды.
Қылмыстық процесте заңдылықты қадағалау бойынша жұмыста елеулі кемшіліктердің болуы негіз болған.
Сонымен қатар,Алматы облысының полиция департаментінде түбегейлі кадрлық өзгерістер болды.
"Ішкі істер министрі Ержан Сәденов шұғыл кеңес өткізіп, облыстық ПД-ның жаңадан тағайындалған басшысын жеке құрамға таныстырды. ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Ішкі істер министрінің бұйрығымен облыстық полиция департаментінің бастығы болып Мейрам Әбікеев тағайындалды. Полиция полковнигі бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысы ПД бастығының орынбасары болған", делінген ҚР ІІМ баспасөз қызметі сенбіде таратқан хабарламасында.
Облыстық департамент бастығының бірінші орынбасары болып Бағдат Әшімов тағайындалды.
ІІМ басшысының бұйрығымен мына лауазымды тұлғалар қызметінен босатылды:
- ПД бастығының бірінші орынбасары Серік Шалхаров;
- Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы Нұржан Күнтүнов;
- ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ұлан Байтақов;
- ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Руслан Смағұлов;
- ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Дулат Қайыр және оның орынбасары Жанат Омаров.