ҚР ішкі істер министрінің бұйрығымен Талғар ауданы полиция басқармасының бастығы лауазымы қызметіне полиция подполковнигі Айдар Омаров тағайындалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің бұйрығы бойынша Талғар ауданы Полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы лауазымына полиция подполковнигі Омаров Айдар Әбдікерімұлы тағайындалды", – деп хабарлады Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, 4 қазанда Талғарда бір топ бұзақының қолынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Қайғылы оқиға болған түні Шерзат Болат дүкенде жұмыс істейтін әкесіне көмектесуге келген.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
Қазіргі таңда кінәлі деп танылғандар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Сонымен қатар Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Шалқаров төбелестен кейін қанша қару тәркіленгенін айтты.
Жасөспірімнің өлімінен кейін Алматы облысында бірқатар жоғары лауазымды полицей қызметінен босатылды.
Оның қатарында Алматы облысы прокурорының орынбасары мен Талғар ауданының прокуроры да бар.
Сонымен қатар, Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы, Хасан Қасымбаевтың ағасы Аслан Қасымбаев қызметінен кетті.
Ал полиция қызметі басқармасының бастығы лауазымына Абдунур Тасыбаев және Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығына Байжан Сатылғанов тағайындалды. Мейрам Әбікеев Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы болды.