TalentforBIZ мансап жәрмеңкесі: жастарға жарқын болашақ

Dalanews 03 қар. 2024 00:57 1808

Соңғы бес жылдан бері Түркияның Президент жанындағы Кадрлық басқармасының үйлестіруімен 10 түрлі елде 15 рет жұмыс берушілер мен болашағы бар жастардың басын қосатын TalentforBIZ мансап жәрмеңкесі тұрақты өтіп келеді. Күні кеше Алматыда өткен айтулы шараға қатысқан ел жастары да осындай мүмкіндікке ие болды.

Кездесуге Түркия Республикасы Президент басқармасының «Мансап» орталығы басшысы Салим Атай, Алматы қаласындағы Түркия Бас консулы Энвер Мудеррисолу, түрік фирмалары және мекемелерінің өкілдері мен жастар қатысты.

Түркия Республикасы Президент басқармасының «Мансап» орталығы басшысы Салим Атай 34 жыл бұрын алғаш рет қазақ жастарымен кездесуді еске алды. Осы жылдар ішінде егемен елдің жастары да озық ойлап, өз армандарына қанат қағуға асық екенін жеткізген ол: «Сонау 1990 жылдары студенттер мұғалімдермен бірге еріп келген. Сол кезде кәмелет жасқа толған жастардың ұстаздарының жетегімен бірге жүргенін түсіне алмай, таң қалғанымыз бар. Бүгін студенттер өздері болашағын өздері болжап, алдағы жоспарларын жасауға талпыныстары тәуелсіз болғанын аңғарып отырмын. Олардың бойындағы талап-тілектерінің тәуелсіз болуы халықаралық деңгейге шығуға талпысынтарын аңғартады» деді.

Іс-шараға келген меймандар мен жастарға TalentforBiz мансаптық іс-шарасының ашылу салтанатында бірге болғаны үшін қуанышты екенін білдірген Алматы қаласындағы Түркия Бас консулы Энвер Мудеррисолу «Жыл сайын әр түрлі елдерде үлкен жетістіктермен ұйымдастырылатын TalentforBiz мансаптық іс-шаралары әлемнің әр түкпірінен келген талантты жастарды халықаралық аренада жұмыс істейтін түрік компаниялары мен мансаптық мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру мақсатында өткізіледі. Бұл біздің компаниялар үшін де, жастар үшін де жеңіске жетуге септігін тигізеді», деді.

Сондай-ақ ол кездесудің маңыздылығын атап өтті. Оның сөзінше, шараға келген жастар өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алып, түріктің танымал компанияларының өкілдерімен сұхбаттасуға мүмкіндік мол. Бұдан басқа, компания өкілдері келушілермен түрлі презентациялар, ақпараттық сессиялар және кіріспе кездесулер өткізіп, өз көзқарастарымен бөліседі. Егер компания талабы мен жастардың өтініші бір жерден шықса, жұмысқа орналасуға және тағылымдамадан өтуге өтінімдер қабылданады.

Осылай деген Бас консулы: «Осыған орай мен іс-шарада өте жоғары бренд құндылығымен ұсынылған құрметті компания өкілдеріне және еліміздің өсуіне, дамуына және өркендеуіне елеулі үлес қосып келе жатқан барлық іскер адамдарымызға алғысымды білдіргім келеді. Біз қазірдің өзінде барлық салаларда, әсіресе білім беру, сауда және экономика салаларында берік орныққан байланыстарымызды одан әрі нығайтылған стратегиялық серіктесіміз Бауырлас Қазақстанмен байланыстырамыз, олармен терең қарым-қатынастарымыз бар, олар өз күштерін ортақ тарихи және мәдени байланыстардан алады», деді.

Оның айтуынша, экономикалық салада екі елдің сауда көлемі 1992 жылы небәрі 100 миллион долларды құрады. Былтыр жыл соңына қарай бұл сома 6 миллиард доллардан асты. Қос мемлекеттің ортақ мақсаты – екіжақты сауда көлемін қысқа мерзімде 10 миллиард долларға дейін арттыру. Біздің Түркиядан Қазақстанға салған инвестициямыз да бүгінгі күнге дейін 6 миллиард доллардан асты. Сауда мен инвестицияның маңызды бөлігі Алматы қаласы мен облысына да тиесілі. Біздің азаматтарымыздың басым көпшілігі Алматыда тұрады.

«Президентіміздің басшылығымен түрік ғасырына деген көзқарасымыздың бір бөлігі ретінде біз екіжақты қарым-қатынастарымызды одан әрі нығайтудың, жәрмеңкелермен, сауда делегацияларымен, далалық зерттеулермен және екіжақты сауда мен инвестицияларды ұлғайтудың жолдарын іздеп келеміз. Оның мысалы, бүгінгі іс-шарадағыдай технологиямен қамтамасыз етілген мүмкіндіктерді пайдалануға жол ашу. Сондықтан ынтымақтастықтың маңызды мүмкіндігі ретінде бұл шарамыздың жемісті және табысты болуын тілеймін», деп түйіндеді сөзін Энвер Мудеррисолу.

Айта кету керек, қос елдің ынтымақтастығын арттыруға бағытталған көрмеге Turkish Airlines, Turkish Aerospace Industries, Aselsan, Havelsan, Halk Bankası, Türk Telekom сияқты түрлі салалардағы жетекші түрік компаниялары, сондай-ақ Қазақстанда жұмыс істейтін Abdi İbrahim, Esan Eczacıbaşı, Ziraat Bankası және Pro Yapı сияқты компаниялар қатысты. Мұнда компания өкілдері мен Қазақстанның жастары Түркияның кадр ресурстарын құру және нығайту саласындағы тәжірибесі мен жетістіктері туралы егжей-тегжейлі мағлұмат алып, қос елдегі перспективалы жастардың мансабын дамытуға айтарлықтай үлес қосып келеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар