Талдықорғанда белгісіз біреулер жаңа экопарктің орындығын бұзып, өртеп кеткен

Талдықорғанда белгісіз біреулер жаңа экопарктің орындығын бұзып, өртеп кеткен
Фото: Halyqstan

Талдықорғанда жаңадан ашылған "Қызылтас – Тасбақа" экопаркі бұзақылардың әрекетінен зардап шекті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Halyqstan мәліметінше, белгісіз адамдар саябақтағы экологиялық орындықты сындырып, оның бөлшектерін отын ретінде пайдаланған. Тұтанған от жанындағы екінші орындыққа да жайылған. Кейін күдіктілер оқиға орнынан қашып кеткен.

Қазір полиция оқиғаға қатысы бар адамдарды анықтап, іздестіріп жатыр. Қайталанған жағдайлардың алдын алу үшін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі экопарк аумағына бейнебақылау камераларын орнатуға кірісті.

"Қызылтас – Тасбақа" экопаркін абаттандырудың алғашқы кезеңі 5 қыркүйекте ашылған. Мұнда демалыс орындары, бақылау алаңы, суретке түсу аймағы, дәретхана және қоқыс жәшіктері орнатылған.

Жоба үш кезеңнен тұрады және оны 2027 жылы толық аяқтау жоспарланған. Қолда бар мәлімет бойынша, экопаркті салуға қала бюджетінен 50 миллион теңге бөлінген.