Жиынға Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің кәсіби бағыттағы тілдер кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Жұмағали Әбуов, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Нәзира Әміржанова, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты терминология бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сәрсенбай Құлманов, сонымен қатар зиялы қауым өкілдері мен тілге жауапты мамандар қатысты.
Басқосуда баяндама жасаған ғалымдар латын әліпбиіне көшуге қатысты ойларымен бөлісті.
Олар латын әліпбиіне көшу – ұлттық мүддені қорғаудың басты тетігі екендігін айтты.
Өз сөзінде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Нәзира Әміржанова ең бастысы Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркменстан сияқты түркітілдес елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, үлкен дайындық жұмыстарын жүргізу керектігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, әліпби жасаудың бірнеше критерилерін атады.
– Әліпбиді жасауда ең алдымен балаға көзшалым және қолшалымға оңтайлы болуы керек. Әліпбиді ересек адамдар үшін емес, 6-7 жастағы баланы ойлап жасауымыз қажет. Егер көзшалым мен қолшалымға оңтайлы болса, бұл керемет жазу болады», – деген филология ғылымдарының кандидаты Нәзира Серікқызы өз сөзінде бір әріп – бір дыбыс принципінің қатаң сақталуы туралы да кеңінен әңгімеледі.
Жиынға қатысушылар баяндамашыларға латын әліпбиіне көшуге байланысты сұрақтарын қойып, нақты жауаптарын алды.