Әуелі облыстық М.Төлебаев атындағы ұлт-аспаптар оркестрі Әли Алпысбаевтың «Елге арнау» туындысын орындап, кеш шымылдығын айқара ашса, сөз алған әділқазылар алқасының төрағасы Серік Жексембекұлы екі номинация бойынша өткен байқауға 48 өтінім түсіп, оның 18-і ақтық сынға жолдама алғанын атап өтті. Сонымен қатар, І Республикалық байқаудың жер жаннаты Жетісу төрінде, кешегі М.Төлебаевтай дарынды композитор туған топырақта өткені заңдылық деп мәлімдеп, облыс әкімдігіне деген жүрекжарды лебізін жеткізді. Оған қоса, оркестр және ансамбльдерге арналған үлкен және кіші музыкалық шығармалар, «Ең үздік ән» номинациялары бойынша жүлделі 1-орынды жеңіп алған атыраулық Бақытбек Сартбаев, астаналық Әліби Абдинуров пен Арман Жайымды салтанатты түрде марапаттады. Осымен бірге, «Ең үздік салтанатты шығарма» номинациясы бойынша 2-орын иегері атанған талдықорғандық Әли Алпысбаев пен астаналық Балнұр Қыдырбекованы да марапаттап өтті.
Өз кезегінде композитор Бейбіт Оралұлы мен айбоз ақын Әміре Әрін «Ең үздік ән» номинациясы бойынша жүлделі орын алғандар мен дипломанттарға жүлдесін табыс етті. Атап айтсақ, Алматы облысынан Жанғазы Жексембаев пен қызылордалық Сәуен Әліш 2-орын, талдықорғандық Серікжамал Әжібекова 3-орын иегері деп танылса, астаналық Марат Омаров дипломант атанды. Ал өз кезегінде қазылар алқасының мүшесі Ермұрат Үсенов пен Алтынай Балтатегі «Халық аспаптар оркестріне немесе эстрада-симфониялық оркестріне жазылған ең үздік салтанатты шығарма» номинациясы бойынша 3-орын иегері атанған астаналық Нұрлан
Бекенов пен оралдық Еркін Нұрымбетовты және арнайы дипломға ие болған астаналық Шолпан Қорғанбек пен Серікжан Абдинуровты, алматылық Артық Тоқсанбаев пен Хабибулла Сетековті және талдықорғандық Марат Бердіғұловты арнайы марапаттады.
Облыс көлемінде тұңғыш рет ұйымдастырылған байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімінен кейін облыстық М.Төлебаев атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен өмірге келген тың шығармалар орындалып, қазақ музыка өнері көрермендердің көңілін көкжиекпен астастырды.