Тәжікстанның болашақ педагогикасы қазақстандық Орталықпен басталады

Марат ТҰРСЫН 05 нау. 2024 12:01 1031

Тәжікстанда жаһандық PISA зерттеуіне қазақстандық Орталықпен бірге дайындалуда.

Душанбеде «Болашақ педагогикасы: заманауи мектептерге арналған шешімдер» семинары тәмамдалды. Тәжікстандық білім берудің топ-менеджерлеріне алғаш рет беделді халықаралық сертификаттар табыс етілді, бұл де-юре және де-факто олардың кәсіби дамуының жаңа стандарттарын растады.

Еуропалық Одақ пен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының табысты ынтымақтастығы аясында Тәжікстанда ұлттық білім беру жүйесін ілгерілету бойынша ауқымды жоба басталды. Педагогтердің біліктілігін арттыруды түбегейлі жаңғырту республика 2025 жылы алғаш рет қатысуды жоспарлап отырған жаһандық PISA зерттеуіне дайындық аясында жүріп жатыр. Сондықтан Педагогикалық шеберлік орталығы партасына Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, сондай-ақ Соғды, Хатлон және Таулы Бадахшан уәлаяттары білім беру құрылымдарының басшылары отырды.

– Өмір – догма емес, өмір – алға деген ұмтылыс. Біз бауырлас Қазақстандағы әріптестерімізден білім алатынымызға қуаныштымыз», – деп бөлісті Тәжікстан Білім және ғылым министрлігі жанындағы республикалық оқу- әдістемелік орталығы директорының кеңесшісі Хамза Новрузов.

Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Жанбота Кабдыкаримова, сарапшысы Сапура Жолдасбаева, тренері Юлия Мельникова жаһандық өзгерістерді (SPOD, VUCA, BANI) және сәйкесінше, мектептегі білім берудегі жаһандық үрдістерді талдады. Көшбасшылық пен өзгерістерді басқару, стратегиялық жоспарлау, жасанды интеллект және педагогикалық тәжірибедегі зерттеулер, функционалдық сауаттылық – әрбір тақырып білім беру шешімдеріне арналды.

– Біздің жобаның ең бірінші жетістігі тәжік әріптестерінің кәсіби өсудегі зор мотивациясы деп атауға болады. Олар келесі жылы PISA-ға қатысуды елдік және жеке емтихан ретінде қабылдайды», – деп атап өтті Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Жанбота Кабдыкаримова.

Тәжікстанның Білім академиясының қызметкері Наимжон Абдурашитов өзінің алғашқы халықаралық сертификатын мақтан тұтады:

– Біз қазір білім берудегі реформалар сатысында тұрмыз, сондықтан бізді қазақстандық тәжірибе, әсіресе оқытудағы зерттеу әдістемесі, мұғалім мен оқушының ынтымақтастығы, білім берудің өзіндік шешімдерін жүзеге асыруы қызықтырады. Ынтымақтастығымыз сөзсіз жалғасады деп сенеміз.

Еуропалық Одақтың Орта білім беру бағдарламасының негізгі халықаралық сарапшысы Айгүл Қазжанова тәжік мұғалімдерінің әлемдік трендтер және жалпы кәсіптік оқыту бойынша жаңа білімге деген нақты сұранысын атап өтті.

– Біз Педагогикалық шеберлік орталығымен үш жыл бұрын Түркіменстан Республикасының ұлттық білім беру жүйесін ілгерілету бойынша жобада табысты жұмыс істедік», – деп атап өтті Еуропалық Одақ бағдарламасының жетекшісі Штефан Зиверт.

Наурыздың басында Қазақстанның білім саласындағы жетістіктерін зерттеу үшін Душанбеден Астанаға үлкен делегация келеді. Сондай-ақ Тәжікстанның Білім және ғылым министрлігі мен Педагогикалық шеберлік орталығы арасында мұғалімдердің біліктілігін арттыру бойынша халықаралық жобаны жалғастыру туралы меморандумға қол қою жоспарлануда.

Педагогикалық шеберлік орталығы бүкіл елге және әлемге қазақстандық зияткерлік технологияларды жаһандық білім беруге жүйелі түрде таратумен және WALS амбассадоры ретінде танымал. Тек 2024 жылдың басынан бастап ПШО мұғалімдердің ғылыми-зерттеу қызметін дамыту бойынша Lesson Study және Action Research әдістерін Қырғызстандағы «Сапат» білім беру кешені мен «Ақылман» президенттік лицейіне енгізе бастады, алғаш рет Малавидегі Наликуле педагогикалық колледжінен африкалық әріптестерді онлайн режимде оқытуды қолға алды, сонымен қатар тәжік мұғалімдерін жаһандық PISA зерттеуіне дайындауды бастады.

Мира Алипинова


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар