Табиғатты қорғау-адамзаттың борышы

Dalanews 25 ақп. 2024 19:52 645

  Экология – азаматтардың өмір сүру сапасына әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Экологиялық келелі мәселелер адамзат дамуының барлық тарихи кезеңдерінде орын алып отырды. Бірақ өндірістік қоғам мен демографиялық қарқынды даму кезеңінде адамзаттың табиғатқа теріс әсерінің нәтижелері ғаламдық сипатқа ие болды.

Экологиялық мәселенің мәні – табиғаттағы қалыптасқан тепе-теңдікті бұзбай, миллиардтаған адамдардың барлық қажеттіліктерін қамтамасыз ету. Биосфераны қорғау мен сақтап қалу басты мәселе болып отыр. Экологиялық мәселелердің алдын алу үшін адам ретсіз дамудан тиімді, реттелген, табиғат пен қоғамның даму заңдарына негізделген дамуға өтуі тиіс. Тек осы кезде ғана адамзат қоғамының дамуы үздіксіз, ұзақ мерзімді, бірқалыпты жағдайда, табиғи және әлеуметтік дағдарыссыз дамиды. Мұндай дамуды тұрақты даму деп атайды. Бірақ бұл үшін адамдардың сана-сезімі, олардың мақсаты мен адамгершілік бағыттылығы өзгеруі тиіс. Планетадағы тіршілікті қорғау үшін бүкіл адамзаттың бірігуі қажет. 1987 жылы БҰҰ-ның Дүниежүзілік қоршаған орта мен даму комиссиясы «Біздің жалпы болашағымыз» атты есебінде «қоршаған орта үшін қауіпсіз жолда экономикалық дәуірге» аяқ басуға шақырды.Алғаш рет «тұрақты даму» концепциясы ұсынылды. «Тұрақты даму мақсаттары» – қазіргі уақыттың қажеттілігін қамтамасыз ете отырып, болашақ ұрпақтардың өзінің қажеттіліктерін қамтамасыз етуіне қауіп туғызбайтын даму. «Елімізде экология ұзақ уақыт бойы көзге көрінбейтін, қолға ұстауға келмей­тін абстрактілі, екінші дәрежелі мәселе ретінде қабылданып келді.

Алайда ол ел тұрғындарының денсаулығына тікелей әсер етеді. Әлемдік деңгейдегі адамзат алдындағы ғаламдық өзекті мәселелердің бірі экологиялық проблема.        Адам, қоғам, табиғат арасындағы қарым – қатынастардың, табиғат тепе-теңдігінің өзгеруі айналадағы ортаның ластануы мен антропогендік ландшафттардың  қалыптасуына әсер етеді. Табиғатқа, табиғат ресурстарына деген шектен тыс тұтынушылық қоршаған ортаға үлкен зиян келтіріп, оның зардаптары тірі ағзаларға, адамдарға әсер етуде. Осының салдарынан жер бетінде қышқыл жаңбырлар, топырақ эрозиясы, қатерлі аурулар мен озон қабатының жұқаруы т.б. қауіпті зардаптардың деңгейі артып  ғаламдық  экологиялық проблемалар туындауда.

Осыған орай әлем мемлекеттері ғаламдық экологиялық проблемаларды шешуде жаңа технологиялық әдіс-тәсілдерді пайдаланып шешу  бағыттарын жан-жақты қарастыруда. Қазақстанның құрғақ климаттық белдеуде орналасуы, жер асты және үсті байлықтарын шектен тыс пайдалану, орман ресурстары жер көлемінің азаюы, шөлді аймақтарды  игеру, зауыт-фабрика, полигондарды пайдалану еліміздегі экологиялық  проблемалардың  пайда  болуына әсер  етті. 

     Біз табиғаттың өзін қайта түлететін ұрпақпыз. Жер, су, ауа – адам баласының ұрпағынан-ұрпағына мұра болып келе жатқан мол қазына… Әрбір ағашты, әрбір бұтақты, жалғыз дәнді де ыждаһаттылықпен сақтау, қамқор болу – басты міндеттің бірі». Табиғатты қорғау қарапайым дүниеден басталады деп ойлаймын. Мәселен, жас ұрпақты табиғатты қорғауға тәрбиелеу ұлттық негізі бала кезден  басталады. Табиғат пен қоршаған ортаны қорғаудың жолдарын ұғындыру, жалпы халықтың экологиялық сауатын ашу, жас­тарға үздіксіз білім беру нәтижесінде ғана шешіледі. Біз бәріміз де табиғатты қорғауда, сақтауда және оны дұрыс пайдалануда ұрпақ алдында, тарих алдында жауаптымыз.

 

Абайдельдинов Т.М

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті  азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының оқытушысы,з.ғ.к

 

Ерікқызы Әнел

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті  азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының 2 курс магистранты

 

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар