Шымкентте сүт өндірісін дамытуға берілген мемлекеттік субсидияларға тексеру жүргізу нәтижесінде мемлекетке келтірілген болжамды шығын көлемі 5 млрд теңгеге жеткені анықталды. Аудит қорытындылары процессуалдық шешім қабылдау үшін тиісті органдарға жолданды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Kozachkov offside telegram арнасының мәліметінше, Ішкі мемлекеттік аудит департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратураның үйлестіруімен жүргізген тексеру барысында мемлекеттік қолдауға ие болған 12 компанияның сүт өнімдерін өндіру көлемін жасанды түрде арттырып көрсеткені және қолдағы ірі қара мал саны туралы жалған мәлімет бергені анықталған.
Алдын ала есеп бойынша, осы әрекеттердің салдарынан мемлекетке келген шығын 5 млрд теңгені құраған.
Тексеру барысында «Новое молоко», «Майлы-Сут», «Молочный мастер» және «IS Молоко» компанияларының қызметі де зерделенді. Аудиторлар қаржылық заңбұзушылықтарды анықтап, тергеу аясында тінту жүргізіліп, өнім жеткізушілерден жауап алынған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, сүт өндіретін кәсіпорындардың бірі іс жүзінде жұмыс істемеген. Сондай-ақ сүт жеткізуші ретінде көрсетілген 15 шаруа қожалығында ірі қара мал мүлде болмағаны белгілі болған. Осы эпизодтар бойынша ғана мемлекетке келтірілген болжамды шығын 1,3 млрд теңгеден асқан.
Сонымен қатар осы істердің біріне қатысты қылмыстық іс прокуратураның қаулысымен тоқтатылған. Бұған аудит қорытындыларымен іс қатысушыларының толық таныстырылмауы, тексеру тұжырымдарының әлі ерте әрі жеткілікті негізделмеген деп танылуы, сондай-ақ мәмілелердің заңсыз деп танылмауы себеп болғаны айтылды.
Айта кетейік, соңғы жылдары ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидияларды заңсыз алу фактілері еліміздің бірнеше өңірінде тіркелген. Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі Алматы облысының бұрынғы депутатына қатысты 2,6 млрд теңгеден астам субсидияны заңсыз алды деген күдікпен қозғалған істі сотқа жолдаған болатын.
Сондай-ақ Алматы облысында 251 млн теңге субсидияны заңсыз алғаны үшін екі адам алты жылға дейін бас бостандығынан айырылса, Қостанай облысында 2,5 млрд теңгеден астам қаржыны жымқырды деп айыпталған 30 адам кінәлі деп танылды. Ал Түркістан облысында ауыл шаруашылығы кооперативінің төрайымы 20 млн теңгеден астам субсидияны заңсыз алғаны үшін сотталған.
Бұған қоса, ауыл шаруашылығы субсидияларын бөлу мәселесіне байланысты Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа қатысты да қоғамда сұрақтар туындаған еді. БАҚ оның жақын туыстары мемлекеттік қолдау алатын аграрлық кәсіппен айналысатынын айтып, ықтимал мүдделер қақтығысына назар аударған. Министр өз кезегінде аталған кәсіпорындардың құрылтайшысы емес екенін, ал субсидия бөлу туралы шешімді министрлік емес, облыс әкімдіктері қабылдайтынын мәлімдеген.