Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елді Еуразиядағы ірі цифрлық хабқа айналдыру міндеті тұрғанын айтты. Демек, IT-секторды дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты болып қала бермек.
– «Жуырда Нью-Йоркке жасаған сапарымда «Digital Nomads» IT-қауымдастығындағы жас отандастарымызбен кездестім. Олар АҚШ, Еуропаның ірі компанияларында жұмыс істейді және жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті. Қазіргі таңда Қазақстанда да халықаралық деңгейдегі өнімдерді жасауға қабілетті талантты адамдар аз емес. Сондықтан Үкіметке келесі міндеттер қойылады: бір жағынан, жастар қай жерде жұмыс істесе де, оларға қолдау көрсету керек, ал екінші жағынан, оларды еліміздегі цифрландыру ісіне барынша араластыру қажет»,– дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мемлекеттік қызметтерді көрсетуде жеке сектормен байланыс орнағанын айтып, бірнеше компанияның тізімін де көрсетті. Сондай-ақ қазір ел азаматтарына жеке куәлік, жүргізуші куәлігін, оқу орнын бітіргені туралы дипломын, неке туралы куәлігін және басқа да осындай 15 түрлі құжатты алып жүру талап етілмейтінін еске салып, бұл бағыттағы жұмыстардың сөзсіз жалғасатынын жеткізді.
Түсінгеніміз, елдің экономикасын өрістетуге серпін беретін цифрлы технологияларды игеруде Мемлекет басшысы жастарға сенім артып отыр. Себебі осы бағытта еңбек етіп, толайым табыстарға жетіп жүрген жастар аз емес. Егде жастағылар цифрлық технологиялардың қарапайым түрін пайдалануға келгенде жүйені жете түсінбей, қипақтап қалатыны бар. Есесіне, жастар қолданысқа енген жүйенің мүмкіндігін толығымен пайдаланып шектелмей, цифрлы экономиканың да түпнегізін қажетінше түсініп, білуде. Сонымен ақпарат көздерінде жиі айтылып жүрген «Цифрлы экономика» деген ұғым қайдан шықты, біз алдымен осы сұрақтың жауабын тарқатып жазуды жөн көрдік. Біз әсте осы терминді кейінгі онжылдықта пайда болды деп топшылауымыз мүмкін.
Шынтуайтында, «Цифрлы экономика» терминін 1995 жылы АҚШ информатигі Николас Негропонте қолданысқа енгізіпті. Сол тұстан күні бүгінге дейін цифрландыру саясаты ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың жаңғыруына септігін тигізіп келеді. Сондай-ақ цифрлы экономика әлем елдерінің экономикасын жаңа форматқа бірте-бірте көшіріп жатқаны байқалады. Ендігі онжылдықта мемлекеттік сектордағы қызметтер түгел цифрландырылса, цифрлы мемлекетке айналатынымыз айдан анық. Қазірдің өзінде барлық сала цифрлық жүйеге кезең-кезеңімен ауысып жатса, бұл үдерісте жергілікті әкімдікпен қатар басқарма, бөлімдердің өзі цифрлық технологиялардың мүмкіндігін пайдалануда. Мемлекет цифрландыру саясатын жүргізуге ерекше ден қойған соң 2013 жылы «Ақпараттық Қазақстан – 2020» бағдарламасы экономиканы цифрландыруға негіз болған. Осы бастаманың ізімен ақпараттық технологияларды жетілдіру мақсатында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы іске аса бастады.
Бағдарламаның мақсаты, экономиканы өрістетумен қатар, халықтық өмір сапасын арттыруға негізделді. 2018 жылы басталған бағдарлама биыл жыл соңына дейін жалғасады. Мұнда «Экономикалық секторларды цифрландыру», «Цифрлы мемлекетке көшу», «Цифрлы Жібек жолын енгізу», «Адами капиталды дамыту», «Инновациялық экожүйені құру» сынды бес бағытта даму жайы қаралған. Цифрлық жүйелердің сапасын арттыру, осы жаңашылдыққа халық пен бизнес өкілдерін тарту, қажет болған жағдайда мамандар даярлау жағы да қамтылған-ды. Сондай-ақ халықтың цифрлық сауаттылғын арттыру және инновациялық жобаларды өндіріске енгізу мәселелесі де бар.
Бағдарламаның бес бағыты цифрлық технологияларды қолданысқа енгізумен шектелмей, оны тиімді пайдалау жағын қарастырады. Бағдарлама аясында биыл жыл соңына дейін цифрлық сауаттылықтың деңгейін 83 пайызға арттыру көзделіпті. Иә, қарт кісілердің цифрландырудан хабары болғанымен, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды күнделікті еркін қолдана алмайтынын жоғарыда айттық. Алысқа ұзамай-ақ «Электронды үкімет», «Ашық үкіметтен» үйден шықпай ақ алуға болатын құжат үшін табанынан таусылып Халыққа қызмет көрсету орталықтарына баратындар азайғанымен, әлі де болса бар. Интернет алаяқтарға ұрынып, сан соғып қалғандар туралы ақпараттарды да еміс-еміс естиміз. Осыдан келіп, ел-жұрт ақпарттық қауіпсіздік дағдылары мен жеке деректерді қорғау жағын ескере бермейтінін аңғарамыз.
Сөз жоқ, электрондық коммерция мен кәсіби цифрлық дағдыларды сан саладағы мамандар қалай да игереді. Өйткені, жұмыс тәртібі соған міндеттейді. Қазірдің өзінде цифрлық технологиялар жетіліп, бірте-бірте IT саласындағы білікті мамандарға сұраныс арта бастағандай. Себебі ірі компаниялар цифрлық технологияларды үнемі жаңартумен қатар қауіпсіздік жағын да ойластыра бастады. Мемлекеттік мекемелер цифрлық сауаттылық, элекртонды коммерция, ақпараттық қауіпсіздік және электронды үкіметті пайдалану бойынша курс өткізуден қол үзген жоқ.
Цифрлы технологиялар кәсіпкер мен тұтынушыға да тиімді. Кәсіпкер дүкен ашу үшін әуелі саудаға қолайлы орынды емес, сұранысы жоғары тауарды іздейтін болған. Онлайн дүкен ашып, кәсібін қыздырып отырғандар да баршылық. Интернет дүкеннің тиімділігін тұрғындар да көріп отыр. Олар дүкендегі тауардың сапасы мен бағасын үйден шықпай-ақ біліп, уақыт үнемдейді. Тіпті болмаса, іздеген тауары дүкенде бар-жоғын нақтылап алуға да болады. Ғаламтордың мүмкіндігі артқан заманда бұрынғыдай қат-қабат қағаз басып шығару қалып барады. Оқырмандар газет-журнал, кітаптардың онлайн нұсқасын сатып алуға машықталды.
Цифрлы технологиялардың көл көсір игілігмен қатар, кемшін тұстары да жоқ емес. Көпшілікті ең әуелі жеке деректерді қорғау мәселесі алаңдатса, екінші, еңбек нарығында жұмыссыздардың үлесі артуда. Күні бүгінге дейін сан салада талай мамандықтың жойылғанын білеміз. Бұл процесс кейінгі он жылда тіпті үдеп барады. Ғалымдар қазірдің өзінде жойылып кетудің аз ақ алдында тұрған салаларды жіпке тізіп айтып жүр. Рас, басқасын айтпағанда, ірі өндіріс орындарында адам күшін қажет ететін шаруаларды роботтар іске асыра бастады. Не де болса, «Заманына қарай адамы» дейміз. Адамзат пайда болған дәуірден күні бүгінге дейін де қоғамға аса қажет болған біраз мамандық жойлып, оның орнын өзге мамандықтар басты. Сол секілді жаңа технологиялар мен цифрлық жүйелерді басқаратын мамандар да қажет қой.
Нақ қазір әлемнің бірнеше елі цифрландыруды стратегиялық бағытта дамытуды жолға қойып отыр. Сәйкесінше, әлемдегі 20 жуық мемекет әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне қарай Ұлттық цифрландыру бағдарламасын қабылдаған. Бұл қатарда мүйізі қарағайдай алпауыт елдерге қарап бой түзеген Қазақсатан да бар. Цифрлы технологияларды енгізуде Европаның ішінде Дания көш бастап тұр. Онда интернеттің сапасы, цифрлы инфрақұрылымдарды дамыту, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, киберқауіпсіздік мәселесі жолға қойылған. Цифрлық жүйелерді енгізіп, соны тиімді пайдаланып отырған елдердің басында Канада, Израиль, Польша, Жапония, Франция, Ұлыбритания сынды бірнеше мемлекет бар. Қарап отырсақ, әлем елдері цифрлық технологиялардың дамуы осымен тоқтамайтынын түйсініп, батыл шешім қабылдауда. Соның ішінде экономиканы цифрландыру жайы да бізге уақтылы әрі орнымен келген өзгеріс тәрізді.
Жаңылмасақ, осыдан бес жыл бұрын бұқаралық ақпарат құралдары «Цифрлық жүйелерді дамытуға дайынбыз ба?» деген сипаттағы мәселе көтерді. Содан күні бүгінге дейін цифрлық технологияларды дамытуға бағытталған жобалар бірінен соң бірі іске асты. Шалғай елдімекендерді кең жолақты интернетпен қамту жағы да күн тәртібінен түскен жоқ. Қалай дегенде де еліміз цифрлық жүйелері кеш дамыған емес, көш басында тұрған мемлекеттермен теңесуге ұмтылуда. Соның ішінде цифрлық экономика құру бағытындағы бастамаларда шетелдік тәжірибеге сүйеніп, алдыңғы қатарлы елдердің қада басқан жолымен жүрмеу маңызды. Неге десек, нарықтық заманда қателіктің есебі қаржыға келіп тірелмей ме?
https://dalanews.kz/aimak/82762-turkistandyq-zhastar-respublika-kuni