Атырауда төрт адамды өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот үкімі бойынша апелляциялық шағым берілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
"Сот кабинетіндегі" мәліметке сәйкес, шағым 2026 жылғы 29 шілдеде түскен. Алайда Сұлтан Сәрсемәлиевтің өзі әзірге апелляциялық сот алқасына жүгінбеген.
Атырау облыстық сотының мәліметінше, үкім жарияланған кезде судья бірнеше мекеме басшысына қатысты жекеше қаулы шығарған. Апелляциялық шағым сол мекемелердің бірінен берілген.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы 14 шілдеде Сұлтан Сәрсемәлиев қайын жұртындағы төрт адамды өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған еді. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Іс материалдарына сәйкес, Сәрсемәлиев 2025 жылдың мамырында жалдап тұрған үйінде қайын ағасы Наурыз Мұқанғалиевті пышақтап өлтірген. Кейін оның денесін үй маңына көміп, жақындары күмәнданбауы үшін марқұмның атынан хабарламалар жазып отырған.
Сол жылдың қазанында ол Жангелдин ауылында тұратын бұрынғы қайын атасы мен енесін де пышақтап өлтірген. Олардың мәйіттерін алдын ала қазылған жерге көмген.
Кейін бұрынғы әйелі Ақбаян мен қайын апасы Мейрамгүл Қарабалинаны Атырауға алып барған. Қалада Мейрамгүлді де өлтіріп, денесін Наурыздың жанына көмген.
Тергеу мен сот барысында Сәрсемәлиевтің адам өлтіруден бөлек, алаяқтық, ұрлық, жеке куәліктерді иемдену, мүлікті талан-таражға салу және несие рәсімдеу секілді бірқатар құқық бұзушылық жасағаны анықталған.
Сотта ол жасаған әрекеттеріне өкінетінін айтқанымен, болған жағдайға марқұмдардың өзін де кінәлаған.
Қылмыстық істі судья Зарема Хамидуллина қараған.