“Неғып орысша сөйлемейсіз, біз қазақша сөйлейтін қазақ емеспіз. Біз басқа ұлт өкілдеріміз! Назарбаев айты ғой сендерге “орысша сөйлеңдер”, – деп дікіңдегені. Ол ол ма? Елена есімді қыз бір заматта “Вы что, войны хотите?” деп дүрсе қойғанын қайтесіз?!.
Қазақстанның осындай бір дәлдүріштеріне мемлекеттік тілде сұрақ қою соғыс ашумен тең болған заман-ай.
Мен оған бар болғаны тұтынушы ретінде тауар сипатын қазақша түсіндіруді сұрағанымды айттым. Ал, оның жауабы анау. Ақырында, тұтынушылардың арыз кітабін сұрап, болған жағдайды соған жаздым. Бұндай оқиға “Сулпакта” екінші рет болып отыр. Олардың ойынша қазақ тілі тек қазақтарға ғана міндет. Тауар алғың келсе орысша сөйлеу керек екен.
“Сулпак” басшыларының бұл жағдайдан еш нәтиже шығармайтындары анық. Айтпақшы, мен әлгі планшетті алмадым, бұндай бассыздық жайлаған жерден тауар алып, олардың кәсібін қолдап қайтейін?
Сол күні тағы бір оқиға болды. Мен полицияға телефон шалып, планшетімді жоғалтқаным туралы айттым. Менің телефон арқылы айтқан арызым Әуезов ауданының Ішкі Істер министрлігінің бөлімшісіне түсіпті. Мен өз арызымды қазақша айта бастадым, бірақ, Юлия деген қызметкер маған орысша айтуды талап етті. Мен тек қазақша айтатынымды алға тарттым, ол трубканы тастай салды. Мен қайта телефон соғып едім, арызымды қазақ тілді операторға тіркетті.
Сонда егер де зәбірленуші қазақша арызын айтса оның арызы қабылданбай ма? Ия, менің оқиғам жеңіл-желпі ұрлыққа байланысты, ал егерде біреу біреуді соғып немесе тонап жатса Әуезов ауданы сіздің арызыңызды қабыладамауы мүмкін ғой, демек?
Бұл екі оқиға Алматы қаласында қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде кембағал жағдайда екенін көрсетеді. “Сулпакта” да, Әуезов аудандық ішкі істер министрлігі бөлімшесінде де қазақ тілі мойындалмайды екен. Мен “Сулпакта” пен Әуезов аудандық ішкі істер министрлігі бөлімшесінде қазақ тілді тұрғындардың азаматтық шектеу мен дискриминацияға ұшырап жатқанына назар аударамын.
ҚР Президент әкімшілігінің ішікі саясат бөлімі, ҚР Бас прокуратурасының назарын маңызды фактіге аудармақпын: орыс тілді азаматтардың біразы (этникалық орысы, қазағы, басқасы бар) қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде тек қазақтарға қатысты деп, басқа ұлттарға міндетті емес деп ойлайды.
Әзімбай Ғали, саясаттанушы
Автордың Фейсбуктегі парақшасынан алынды