Шығыс Қазақстан облысында 22 жастағы жігіт сүйіктісінің өтінішін орындамақ болып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Іс материалдарына сәйкес, бойжеткен жігіттен анасына тиесілі алтын алқаны ломбардқа өткізіп беруін сұраған. Кейін зергерлік бұйымның жоғалғанын байқаған әйел құқық қорғау органдарына арызданған. Соның нәтижесінде жігітке қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Сот оның кінәсі дәлелденді деп танып, бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін ол екі ай бойы пробация қызметінің есебінде болған.
Алайда кейін рақымшылық туралы заңның күшіне енуіне байланысты жігіт жазадан босатылды.
Соттан шыққан соң ол бұл жағдай өміріне үлкен сабақ болғанын айтып, өкінішін жеткізді.
"Сүйген адамыма шексіз сендім. Бірақ сол сенімнің салдарынан сотталушы атандым. Соттылық алдым, ал сүйген қызым мені тастап кетті", - деді ол.