Су тасқыны: қанша адам үйін тастап, уақытша орналасу пунктін паналап жүр?

Сағыныш Сардарова 09 сәу. 2024 16:49 2585

Қазіргі уақытта уақытша орналастыру пункттерінде 7 мыңнан аса адам орналастырылған, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
 
Азаматтық қорғау қызметтері 88 мыңға жуық адамды, соның ішінде 30 мыңға жуық баланы құтқарды. Қазіргі уақытта уақытша орналастыру пункттерінде 7 мыңнан аса адам, оның ішінде 3 700 бала орналастырылған. 4 800 адам өз үйлеріне оралды. 82 315 мал қауіпсіз жерге айдалды.

"Авариялық-құтқару жұмыстарына 23 мыңнан аса адам және 2500-ге жуық техника, 448 су сору және 131 суда жүзу техникасы мен 6 әуе кемесі жұмылдырылды.

Соңғы тәулікте жеке құрамның 525 адамы мен 100-ге жуық техникасы жұмылдырылған ТЖМ күштері мен құралдары Алматы қаласынан, Қарағанды, Павлодар және Ұлытау облысынан, сондай-ақ, Астана қаласындағы Қорғаныс министрлігінің 58665 әскери бөлімі Солтүстік Қазақстан облысына жіберілді", - деді ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш ОКҚ алаңында өткен брифингте.

Ақтөбе облысы мен Қостанай қаласына Қырғыз Республикасынан гуманитарлық көмек келіп жетті. Қалған фуралар Атырау және Батыс Қазақстан облыстарына бара жатыр.

"ТЖМ азаматтарды аса мұқият болуға, су тасқыны кезеңінде қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз сақтауға, үйлерден және эвакуациялық пункттерден тиісті рұқсатсыз кетпеуге шақырады", - деді ол

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар