СҚО диқандары көктемгі егіс мәселелерін талқылады

Ақтоты Жапатова 28 нау. 2025 11:51 319

Петропавлда көктемгі дала жұмыстарын ұйымдастыруға арналған дәстүрлі семинар-кеңес өтті. Оған Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, аудан әкімдері, ғалымдар, сарапшылар мен бүкіл облыстан диқандар қатысты, деп хабарлайды Dalanews.kz 

Уақтылы және сапалы егіс науқанын жүргізу – солтүстік өңірдің ауыл шаруашылығын дамыту кепілі. Мемлекет шаруаларға жұмыстарды оңтайлы мерзімде жүргізуге қажетті көмекті көрсетуде. Солтүстік ӘКК және «КазАгроҚаржы» арқылы 60 миллиард теңге көлемінде ерте қаржыландырудың арқасында диқандар маусымға дайындық жұмыстарын тыңғылықты жүргізіп, тұқым, тыңайтқыштар мен жанар-жағармай сатып алып, техникаларын жөндеді. 

Биыл бидай егіс алаңы 2,5 миллион гектарды құрайды. Сонымен қатар, майлы дақылдардың алқабы 85 мың гектарға өсіп, 760 мың га жетпек. Шаруалар 333 мың тонна минералды тыңайтқыштар енгізбек, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 30%-ға көп. 470 мың тонна тұқым дайындалып, егіске 4 мың жоғары өнімді техника мен 1,5 мың заманауи себу кешені шықпақ. Сонымен қатар, шаруалар 87 миллиард теңгеге 3 мың жаңа техника сатып алады. 52 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді.

Кеңесте қатысушылар мамандардың ұсыныстарымен танысып, заманауи агротехнологиялар мен көктемгі егіс жүргізудің озық әдістерін қарастырды. Диқандарға жоғары өнімділік пен ресурстарды тиімді пайдалану үшін осы маңызды аспектілерді ескеру ұсынылды.

"Егіс науқанын уақытылы және сапалы түрде өткізіп, сапалы тұқымдарды, агротехнологияларды және заманауи техниканы пайдалану керек. Сондай-ақ, егіс алаңдарын әртараптандыруға ерекше назар аудару, майлы және көкөніс дақылдарын егуге көңіл бөлу қажет. Сонымен қатар, жем-шөп егісін көбейтіп, су үнемдейтін технологияларды енгізу қажет", - деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желіде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар