СҚО-да қаздар жаппай қырылып жатыр

СҚО-да қаздар жаппай қырылып жатыр
Фото: видеодан скрин

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы Шаховское ауылында қаздар қайтадан жаппай қырыла бастады. Ауыл тұрғындарының алдын ала есебі бойынша, қазірдің өзінде құстардың үштен біріне жуығы өлген, деп хабарлайды dalanews.kz.

Halyqstan мәліметінше, ауруға шалдыққан қаздар жем жемей, әлсіреп, қалтырай бастайды. Кейін іші өтіп, жағдайы күрт нашарлайды. Ауыл тұрғындары түрлі дәрі қолданып көргенімен, нәтиже болмаған.

"Дұрыс тамақ жемейді. Бәрі бүрісіп, бір орында тұрады. Іші жасыл түсті болып өтеді, денесі қалтырайды. Дәрі сатып алып бердік, бірақ көмектеспеді. Қаздар бірінен соң бірі құлап өліп жатыр", – дейді құс иелерінің бірі.

Кейбір тұрғындардың қорасында бірнеше мыңға дейін қаз бар. Сондықтан ауру құстарды сау құстардан бөлек ұстау да қиын. Оның үстіне, тұрғындардың сөзінше, ауру белгілері байқалғаннан кейін құс бір тәуліктің ішінде өліп қалуы мүмкін.

Ветеринар мамандар өлген және ауру құстардан патологиялық және биологиялық сынамалар алған. Зерттеу нәтижесінде құс тұмауы, Ньюкасл ауруы, пастереллез және сальмонеллез анықталмаған.

Қаздардың нақты неден қырылып жатқаны әзірге белгісіз. Қосымша зерттеу жүргізу үшін алынған материалдар Астанадағы Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталыққа жіберілді.