Алматыда өткен баспасөз конференциясында журналистер ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабын қайта қарауды талап етті. Олардың сөзінше, заңдағы "қауіп тудыруы мүмкін" деген нақты емес ұғым кез келген адамды дәлелсіз қылмыстық жауапқа тартуға жол ашып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Баспасөз клубында бас қосқан медиа сарапшылар Қылмыстық кодекстің 274-бабы бастапқы мақсатынан алшақтап кеткенін алға тартты. 2015 жылы бұл норма әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған жалған хабарламаларға, әсіресе "жарылғыш зат қойылды" деген сияқты қоғамға нақты қауіп төндіретін жағдайлардың алдын алу үшін енгізілген. Алайда қазіргі таңда ол журналистер мен блогерлердің аузына қақпақ болатын "құралға" айналып үлгерді.
Осыған байланысты жиында журналистер арнайы үндеу жариялады. Олар заңда "жалған ақпарат", "көрінеу жалған ақпарат", "қоғамдық тәртіпке қауіп" деген ұғымдарға нақты анықтама берілмегенін атап өтті. Салдарынан құқық қорғау органдары кез келген материалды субъективті түрде бағалап, өз беттерінше қылмыстық іс қозғауға мүмкіндік алды.

Үндеуде көрсетілгендей, іс жүзінде журналисті қылмыстық жауапқа тарту үшін тергеушінің таратылған ақпаратты "қауіп тудыруы мүмкін" деп бағалауы жеткілікті. Мұндай жағдайда адам нақты зиян келтірмесе де, тек "болжам" негізінде қамауға алынуы мүмкін.
Журналистердің пайымдауынша, бұл тәжірибе сөз бостандығының тамырына балта шабады. Өйткені жазған материалы үшін қылмыстық жауапқа тартылудан қорыққан редакциялар мен авторлар амалсыз "ішкі цензураға" көшеді. Сәйкесінше, батыл зерттеулердің жолы кесіледі. Бұл сайып келгенде халықтың шынайы ақпарат алу құқығын шектеп, сөз бостандығын құрдымға жібереді.
Баспасөз конференциясында алғаш болып сөз сөйлеген журналист Марат Әсіповтің сөзінше, 274-баптың ең осал тұсы - нақты критерийлердің жоқтығы. Ол қазіргі жүйеде кез келген адам өзіне ұнамаған материал бойынша арыз жазып, қылмыстық істің басталуына себеп бола алатынын жеткізді. Ал мұндай істер кейде толық сараптамасыз-ақ тергеуге жіберіледі.
"Заңда тек "қоғамдық тәртіпке зиян келтіруі мүмкін" деген жалпылама тұжырым бар. Ал бұл ұғымды әркім әртүрлі түсінеді. Соның салдарынан адамдар негізсіз қамауға алынуы мүмкін", – деді ол.
Ал журналист Лұқпан Ахмедияров бұл баптың тәжірибеде қысым құралына айналып бара жатқанын айтты. Ол бұрын мұндай даулар алдымен азаматтық-құқықтық тәртіпте қаралғанын, ал қазір журналистің кінәсін құқық қорғау органдары өз бетінше бағалай алатынын жеткізді.
Оның сөзінше, кей жағдайда қарапайым учаскелік полиция қызметкері арнайы сараптамасыз-ақ "ақпарат қауіпті болуы мүмкін" деген негізбен іс қозғай алады. Сонымен қатар тінту жүргізу, шоттарды бұғаттау және ақпарат жариялауға тыйым салу сияқты шаралар жиілеген. Мұндай тәжірибе журналистердің өздерін қорғау мүмкіндігін шектейді.
Қарлығаш Еженова да қазіргі жағдайда медиа ортада ішкі цензура күшейгенін айтты. Оның пікірінше, 274-бап бұрын сирек қолданылса, қазір біртіндеп кез келген қоғамдық пікір білдіруге тосқауыл қоятын құралға айналып барады.
"Жалған ақпарат" деген не, "қоғамдық қауіп" деген қандай жағдайда туындайды – бұған нақты анықтама жоқ. Сондықтан кез келген адам өз түсінігіне сүйеніп шешім қабылдай алады", – деді ол.
Назира Дәрімбет өз сөзінде қоғамдық тәртіптің нақты бұзылуы болмай тұрып, адамды қылмыстық жауапқа тарту заң тұрғысынан дұрыс емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, "қауіп" ұғымының нақты мазмұны ашылмағандықтан, адамдарға қатысты қатаң шаралар қолданылып жатыр.
"Біз нақты қандай қауіп туралы айтып отырғанын білмейміз. Бірақ соған қарамастан адамдар үйқамаққа алынып, тергеуге тартылып жатыр", – деді ол.
Ал Ардақ Бөкеева бұл баптың шектен тыс қолданылып жатқанын нақты мысалмен түсіндірді. Оның айтуынша, жақында жол-көлік оқиғасын видеоға түсіріп, жариялаған блогерге осы бап бойынша іс қозғалған.
"Жай ғана видео үшін адамды "жалған ақпарат таратты" деп айыптау – қисынға келмейді. Бірақ соған қарамастан ол қамауға алынды", – деді журналист.
Сондай-ақ ол бұл баптың бизнес-қақтығыстарда да қысым тетігі ретінде қолданылуы мүмкін екенін ескертті.
Жиын қорытындысында журналистер заңнамалық өзгерістер енгізу қажеттігін тағы бір мәрте көтерді. Атап айтқанда, олар 274-баптың 1 және 2-бөліктерін қылмыстық құқық бұзушылық санатынан шығарып, әкімшілік құқық бұзушылық деңгейіне ауыстыруды ұсынды. Сонымен қатар "қауіп тудыру" ұғымын заңнамадан алып тастау немесе нақтылау қажеттігі айтылды.
Журналистердің айтуынша, сөз бостандығы Конституциямен кепілдік берілген негізгі құқықтардың бірі. Сондықтан оны негізсіз қылмыстық қудалау арқылы шектеуге жол берілмеуі тиіс.
Қазіргі жағдайда басты мәселе – заңның өзі емес, оны қолдану тәсілі. Егер құқықтық нормалар нақты әрі түсінікті болмаса, кез келген азамат «қауіп тудыруы мүмкін» деген болжаммен жауапқа тартылуы ықтимал.
Сондықтан бұл тақырып тек журналистерге ғана емес, бүкіл қоғамға қатысты маңызды мәселе ретінде қарастырылып отыр.
