Сотты болған экс-министр қалай Назарбаевтың "любимчигі" болғанын айтты

Dalanews 26 қаң. 2024 04:13 13110

2 рет денсаулық сақтау министрі, 1 жыл депутат болған, 7 жылға сотталып, 1 жыл 8 айдан соң ерте босап шыққан Жақсылық Досқалиев Bilgen durys Youtube-арнасында экс-Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен арақатынасы туралы айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Досқалиев ескі Қазақстанның өкілдерінің бір кезде Назарбаевты мақтап, енді даттап жүргенін сынады.

"Соңғы рет министр болып жүргенде 2009 жылы кездестім. Маған жасаған жақсылығын ұмытпаймын. Қазір қараңыз, баяғыда Назарбаевты мадақтап, мақтап жүрген адамдары, кім екенін айтпай-ақ қояйын, "аспаннан түскен Құдаймен бірдейсің" деген адамдар енді тақтан түскеннен кейін анадай әңгіме айтып жатыр. Ол адамгершілікке сия ма? Адамгершілікке сыймайтын сияқты. "Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағында ойнайды" дейді. Ондай жасауға болмайды. Кеткен адамның соңынан тас лақтыруға болмайды. Істесең, тақта отырғанда жаса. Мен ондай адамдардан аулақ жүремін", - дейді ол.


Сонымен қатар, сотты болған экс-шенеунік Назарбаевтың арқасында түрмеден шыққанын әңгімелеп берді.

"Мені 7 жыл деп соттады ғой. Көбі қазір "Назарбаев анадай, мынадай" дейді. Назарбаевтың арқасында шығып кеттім. Қайтадан қаратқызған, бүкіл зерттеу жүргізген. Мені шығартты. Соған мың да бір рақметімді айтамын (Назарбаевқа - еск.). Былай өлетін едім ол жақта. Рақымшылық, сосын ақтап жіберді", - дейді ол.

Досқалиев Назарбаев өзіне неліктен жылы шырай танытқанын да айтты.

"Бұл кісінің маған көзқарасы әуелден дұрыс. Министр болып жүргенде талай алдына бардым, талай шындықтарды айттым. Менің айтқан ұсыныстарымның бәрін қолдады. ... Үш рет Үкімет ауысты, үшеуінде де мені министр қылып тағайындады. Содан кейін депутат болып кеттім. ...Мен жағымпазданып отырған жоқпын. Мен ешкімге ешқашан басымды имеген адаммын. Бірақ барын бар деу керек. Астанаға көшкенде кішкентай ғана бір проект болса, соған балаша қуанатын. Білмеймін ("любимчигі" болдым ба - еск.). Мен оған бірдеңе апарып беріп, бір жерде мақтап айтқан адам емеспін", - деді бұрынғы министр.


Коллаж: Dalanews.kz

Тағы оқыңыз:


https://dalanews.kz/aimak/98599-shqo-da-zholdardy-qardan-tazartu-zhumyst

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар