Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысы бүгін жалғасты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сотталушы, МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязованың қорғаушысы қылмыстық істі прокурорға қайтарып, қосымша тергеу жүргізуді сұрады. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмады.
Қорғаушы Дәурен Еслямбекұлы тергеу барысында іс үшін маңызды бірқатар мән-жай толық зерттелмегенін айтты. Оның пікірінше, Жұбаниязованың кінәсі, оның әрекеті немесе әрекетсіздігі мен фельдшердің өлімі арасындағы себеп-салдарлық байланыс, сондай-ақ қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкіндігі толық анықталмаған.
Қорғау тарапының айтуынша, құрылыс-техникалық сараптама барысында ғимараттың конструкцияларында бірқатар ақау анықталған. Атап айтқанда, кірпіш қалау жіктерінің сапасыз толтырылуы, тік бағыттан ауытқу, кірпіш сынықтарының қолданылуы және басқа да құрылыс кемшіліктері көрсетілген. Адвокат бұл мәселелердің МИБ төрайымының жауапкершілігіне қаншалықты қатысы барын қосымша зерттеу қажет деп санайды.
Қорғаушы сонымен қатар ғимараттағы қабырға мен қасбеттегі жарықтар 2017 жылдан бері тіркелгеніне назар аударды. Ал Сәуле Жұбаниязова МИБ төрайымы қызметіне тек 2025 жылдың мамырында келген. Осыған байланысты қорғау тарапы ғимараттың бұрыннан келе жатқан ақаулары үшін оның жауапкершілігін анықтау қажет екенін алға тартты.
Адвокат істі прокурорға қайтарумен қатар қосымша құрылыс-техникалық және қаржылық-экономикалық сараптамалар жүргізуді, ғимараттың жобалық және атқарушылық құжаттарын, бұрынғы тексерулер мен анықталған ақауларға қатысты материалдарды сұратуды, сондай-ақ ғимараттың жағдайы туралы бұрыннан хабардар болған адамдарды анықтап, жауап алуды сұрады.
Алайда судья Меруерт Абаева қорғау тарапы келтірген уәждер істі прокурорға қайтаруға негіз болмайтынын айтты. Соттың пікірінше, қосымша дәлелдемелерді зерттеу, куәлардан жауап алу және сараптама тағайындау мәселелері істі сотта қарау барысында шешілуі мүмкін.
Сот қорғаушының қылмыстық істі прокурорға қайтару туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Қаулы жеке тәртіппен шағымдануға жатпайды. Істі қарау жалғасады.
Айта кетейік, сотта куәгер ретінде жауап берген Дильназ Байзакова оқиға кезінде Ұлдана Мырзуанның жанында болғанын айтты. Оның сөзінше, жедел жәрдем бригадасы қабырға құлағаны туралы шұғыл шақыртуға келген. Үйінді астында ер адам мен әйел адам жатқан, медицина қызметкерлері оларға көмек көрсете бастаған. Сол сәтте жоғарыдан қайтадан кірпіштер құлай бастаған. Байзакова Ұлданаға қараған кезде оның ауыр жарақат алғанын көргенін айтты. Куәгердің сөзінше, марқұмның құлағы мен мұрнынан қан аққан. Оқиғадан кейін Байзакованың өзі де ауруханаға жеткізіліп, миы шайқалғаны, жабық бас-ми жарақаты және амнезия диагнозы қойылған. Куәгер бұл оқиғаны айтып беру кезінде сот залында көз жасына ерік берді.