Сот Тұрлыхановтың ұлының жаза мерзімін жеңілдету туралы өтінішін қанағаттандырмады

Қаракөз Амантай 04 қыр. 2025 15:07

Алматы облысының Алатау қалалық соты адвокат ерлі-зайыптыларды соққыға жыққаны үшін колонияда жазасын өтеп жатқан депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болаттың өтінішін қарады. Ол қалған жаза мерзімін жеңілірек жаза түріне ауыстыруды сұраған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Істі қарау барысында прокурор мен жәбірленуші Анна Чернова да өтінішті ішінара қанағаттандырып, жазаны бостандықты шектеуге ауыстыруды ұсынды.

Алайда сот өтінішті қанағаттандырудан бас тартты. Бұған Нұрасыл Болаттың пробациялық бақылау шарттарын бұрын бірнеше рет бұзғаны себеп болды. Ол түн мезгілінде қоғамдық орындарда жүрген, мейрамхана мен ойын-сауық орнына барған.

"Өтініште және оған тіркелген материалдарда көрсетілген мәліметтер сотталған Н.Болаттың мінез-құлқындағы оң өзгерістерді дәлелдемейді, ол түзелгенін көрсеткен жоқ. Сондықтан жазаны өтеу жалғасуы тиіс", – делінген соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Соттың қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат жазасын колонияда өтейтіні туралы жазған едік.

Алматы қалалық соты оның апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.

"Сот шешімі өзгеріссіз қалды", - делінген хабарламада. 

21 қазанда сот пробациялық режимді бұзған Нұрасыл Болаттың бас бостандығын шектеу жазасын 1 жыл 5 айға бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырған болатын.

Ол жазасының қалған мерзімін – бір жарым жылдан аз уақытты – қауіпсіздігі орташа колонияда өткізеді.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда әскери қызметкер белгілі адвокатты соққыға жыққаны хабарланған. Бұл оқиға 11 ақпанға қараған түні Алматының сауда орталықтарының бірінің маңындағы паркингте болған. Іс қоғамдық дау тудырды.

Бұл оқиға туралы адвокат Олег Черновтың әйелі Анна Дмитриевич Facebook-парақшасында жазған. Олар таксиге отыра бергенде бір жігіт жүгіріп келіп, соққыға жығылған қызға көмектесуін сұраған.

Ал кейін адвокатты соққыға жыққан әскери қызметкер грек-рим күресінен қазақстандық және бұрынғы Кеңес Одағының палуаны Дәулет Тұрлыхановтың ұлы болып шықты. Бұл ақпаратты Тұрлыхановтың өзі растаған болатын. Ол ұлына қатысты дауға көзқарасын білдіріп, кешірім сұрады.

9 қазанда сот Нұрасыл Болатты өзіне тағылған қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп тауып, 1 700 000 теңге көлемінде айыппұл салды. 2024 жылғы 14 мамырда Жоғарғы Сот істі кассациялық тәртіпте қарап, үкімді өзгертті. Тұрлыхановтың ұлына екі жыл бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалып, өтемақы мөлшері ұлғайтылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар