Сот тергеуі аяқталды: Бишімбаев өзін не үшін кінәлі деп санамайды?

Сағыныш Сардарова 25 сәу. 2024 09:57 3192

Экс-министр Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот тергеуі аяқталды. Кешегі сот отырысында олар өз ұстанымдарын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Судья Айжан Құлбаева Бишімбаевқа басты сот отырысында прокурор айыптау актісін оқып, айып тағып, тағылған айыптар бойынша өз ұстанымын нақтылағанда, екі бап бойынша да кінәсін толық мойындамағанын еске салды.

"Енді сот тергеуі аяқталғаннан кейін сіздің жауаптарыңыз тыңдалып, куәгерлерден жауап алынып, аудио-видео жазбалар қаралып, қылмыстық іс материалдары зерттеліп болғаннан кейін сіздің ұстанымыңыз бұрынғыдай қала ма?" - деп сұрады судья.

"Төреші, құрметті алқабилер, мен азаптау бойынша өз кінәмді мойындамаймын", - деп жауап берді сотталушы.

"Сіздің азаптау бойынша ұстанымыңыз сол күйінде қалды. Толық мойындамайсыз ба?" - деді Айжан Құлбаева.

"Иә, мойындамаймын", - деді Бишімбаев.

Судья Бишімбаевтан екінші эпизод – ерекше қатыгездікпен өлтіру бойынша да ұстанымын сұрады.

"Екінші эпизодтың маған ерекше қатыгездікпен қасақана кісі өлтірді деген айып тағылған бөлігінде мен Нүкенованың өліміне әкеп соқтырған соққыларды жасағанымды мойындаймын, бірақ оны қасақана жасағанымды мойындамаймын", - деп жауап берді Бишімбаев.

Екінші сотталушы Бақытжан Байжанов та өз ұстанымын айтты. Ол кінәсін мойындаған жоқ.

"Менікі жасырып қалу бойынша, бірақ мен ештеңені жасырған жоқпын. Менің ондай ниетім болған жоқ. Бишімбаев маған жазды, мен орындадым. Мен онда не болғанын білген жоқпын және жазбаны көрмедім. Жасырып қалу бойынша мойындамаймын. Хабарламау бойынша - мен біле салысымен, бірден хабарладым, жедел жәрдемге қоңырау шалдым. Тағылған айыптар бойынша мойындамаймын. Бірақ менің кінәм бар. Жедел жәрдемді ертерек шақыруыма болар еді. Бұл үшін кінәлімін", - деді Байжанов.

Тараптардың жарыссөздері 29 сәуірде басталып, 30 сәуірде, сондай-ақ, 2, 3 және 4 мамырда жалғасады. 

Айта кетейік, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша бірнеше сот отырысы өтті. Оны дүйім жұрт Жоғарғы соттың YouTube каналынан онлайн тамашалады.

Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен сотталып жатқан экс-министр Қуандық Бишімбаевты адвокат Лейла Рамазанова, Назкен Құсайынова, Ерлан Ғазымжановтар қорғап жатыр.

Ал марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді мен оның отбасының адвокаттары – Жанна Оразбахова мен Әлия Омарова.

27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.

Сонымен қатар, Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады. Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.

Бишімбаевқа екі бап бойынша айып тағылды:

  • аса қатыгездікпен кісі өлтіру (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру);
  • қинау (4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру).

Сондай-ақ, оның туысы Бақытжан Байжанов та күдікті ретінде қамауға алынды. Оған  қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған. Нақтырақ айтсақ, 432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу); 434-бабы (аса ауыр қылмысты хабарламау).


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар