Ақын әрі диссидент Арон Атабектің қызы Алма Нутушева әлеуметтік желідегі парақшасында әкесіне арнап әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ол 2021 жылдың қазан айында әкесімен болған әңгімесін еске алып, Арон Атабектің өзіне бірнеше рет "екі дүниеде де қорғаның боламын" дегенін жеткізді.
"Екі дүниеде де сені қорғаймын, қызым!" – 2021 жылдың қазанында бұл сөзіңді сенен бірнеше рет естідім. Мұны есту қорқынышты еді, сенгім келмеді. Менің абдырап қалғанымды көріп: "Тағы 15 жыл өмір сүрсем, осы елді аяғынан тұрғызар едім", – дейтінсің. Содан кейін қай дүниеде болсам да, менің қорғаным болатыныңды тағы айтатынсың. Мен саған сенемін. Өйткені оны сеземін", – деп жазды ол.
Ақынның қызы әкесін қатты сағынатынын айтып, арада бірнеше жыл өтсе де, көңіліндегі қайғының басылмағанын жеткізді.
"Сені сағындым, әке... Менің соңғы қазақ самурайым! Бес жылға жуық уақыт өтіп барады. Бірақ сен бұл дүниеден бүгін ғана кеткендей, жанымдағы жара әлі де жаңа", – деді ол.