Соңғы сері

Dalanews 27 мам. 2015 07:03 1213

Тәуелсіздік жылдары қазақ айтысының көшін өрге сүйреген азаматтардың бірі – Оразәлі Досбосынов екенін бәріміз білеміз. Қазақ өнерінің көгінде Ораз ұзақ уақыт жарқырай алған жоқ. Аңдаусызда ажал тырнағына ілігіп, мына дүниемен қош айтысып кете барды. Ораздың топырағы суымай жатып, жары Ажар да мәңгілік мекеніне аттанып, жүрегімізді қанжылатты. Бүгінде Ораз бен Ажардың соңында қос құлыны қалды. Олардың әлі бұғанасы қатып, қатарға қосыла қойған жоқ. Осы ретте Ораздың жанында жүріп тәлім алған әріптестері мен інілері қазақтың қара өлеңінің саңлағы Ораз марқұмды еске алып, арнайы кеш ұйымдастыруда. Көзі тірі болғанда Орекең биыл ердің жасы қырыққа иек артып, айналасындағы ет жақындарын қызық, қуанышқа бөлер еді. Бірақ арсыз ажалға қарсы тұрар амал бар ма? Осы ретте 29-30 сәуір күндері болатын еске алу кешін ұйымдастырып, жарғақ құлағы жастыққа тимей шапқылап жүрген замандасымыз Ернатқа хабарласып, жөн сұрадық.

1– Ернат, Студенттер сарайында екі күн қатарынан Оразәлі Досбосыновтың кешін ұйымдастырып, сауап істі қолға алып жатыр екенсіңдер. Екі күн қатарынан «Студенттер сарайын» ән мен күйге бөлеп кеш өткізу оңай емес қой...

– Дұрыс айтасың. Алматының үлкен залдарында кеш ұйымдастыру оңай емес. Бірақ жағдайға қарайласақ отыра беретін түріміз бар. Биыл Ораз ағам тірі болғанда 40 жасқа толғанын тойлап, құшағы гүлге толып, мәз-мейрам болар еді. Бірақ оған жаратушы мұндай қызықты қимапты. Ораздың көзін көріп, қатар жүрген замандастарымен ақылдаса келе «Студенттер сарайында» еске алу кешін ұйымдастыруды жөн деп таптық. Бұл кешті жалғыз өзім ұйымдастырып жатқаным жоқ. Бұл кештің өтуіне Жанарбек Әшімжан, Алмат Исәділ сынды азаматтар айрықша қолдау көрсетіп жатыр. Еске алу кешінің бірінші күні, яғни 29 сәуір күні эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырмақпыз. Ал екінші күні халықаралық айтыс өтеді. Ораз марқұм көзінің тірісінде айтыскер ақын ретінде Қазақстанды былай қойып, көршілес түркі тілдес мемлекеттерге кеңінен танылғаны белгілі. Сондықтан айтыс өнерінде Оразбен сөз таластырып сайысқан, сыйласқан өзге елдердің ақындары мен өзіміздің ақындардың басын қосып, үлкен айтыс жасамақ ойымыз бар. Алда өтетін шараға Қырғызстан мен Қытайдан ақындар келеді. Еске алу кешінің атын «Құлмамбеттің құлыны» деп қойдық. Бұл Ораздың көзі тірісінде айтыскерлер арасында нақыл сөзге айналып кеткен сөз тіркесі ғой.

– Екі күн қатарынан дүбірлетіп кеш өткізу оңай емес. Қаржылай қолдау көрсетіп жатқан азаматтар бар ма?

– Шындығында қаржылай қолдау көрсетіп жатқан азаматтар жоқ. Осы кешті ұйымдастыру турасында ой келгенде біраз дәулетті адамдардың есігін қағып, демеушілік көрсету турасында ұсынысымызды айттық. Өкінішке орай, апайтөс ағаларымыз әлемдік қаржы дағдарысын сылтау етіп, қолдау көрсетуге мүмкіншіліктері жоқ екенін айтып, шығарып салды. Осыдан кейін қалталыларға жәутеңдеп қарай берудің орынсыз екенін түсініп, еске алу кешінде сатылған билеттердің құнымен барлық шығынды өтеуді жөн деп шештік. Ораздың өнерін құрметтейтін адамдар көп қой. Солар билет сатып алып, кешке келетініне сенімдіміз. Ешкімге шақыру билетін таратқан жоқпыз. Оразды құрметтейтін жанашыр азаматтар кешке келіп, өзінің азаматтығын көрсетсін деп шештік. Қазіргі таңда ұйымдастыру жұмыстарымен шапқылап жүрген жайымыз бар.

– Екінші күні ақындар айтысын ұйымдастыруды көздеп отырсыңдар. Ақындарды құр қол қайтармайтын шығарсыңдар?

– Халықаралық айтыс деп атаған соң, топ жарған ақындарды жүлдесіз қайтармайтынымыз анық. Жақсы айтысып, жұрттың ықыласына бөленген ақындарға дайындап отырған сый-сияпатымыз бар.

– Ораз халыққа айтыскер ақыннан бөлек, жазба ақын ретінде танылғанын білеміз. Марқұмның жазған өлеңдерін жинақтап шығару ойларыңда бар ма?

– 2012 жылы алғаш рет Оразәлі мен Ажарды еске алу кешінде «Қос жұлдыз» деген кітап шығып, оған Ораздың өлеңдері мен Ажардың естеліктері топтастырылған болатын. Жалпы, ақын ағамыздың соңында қалдырған мұрасы өте көп. Оны жинақтап, реттеп, жұртшылыққа жеткізу ойымызда бар. Бұған біраз уақыт қажет. Ораздың қарапайым халыққа беймәлім қырлары жетерлік. Ол біраз ән жазып, әншілердің жарқырай көрінуіне үлес қосқанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Осы кеште әншілер Ораздың біраз әндерін жұртшылыққа ұсынбақшы. Сондай-ақ, Орекең әзіл-ысқақ театрларына арнап скетчтер жазған. Осы кеште соның бірін «Терісқақпай» театрының әзілкештері Ұлан Нүсіпәлиев пен Дархан Дайырбек үлкен сахнаға алып шығады. Ораз әнді нақышына келтіріп орындағанда кез келген әншіден кем түспеуші еді. Ол қазақтың сал-серілерінің соңғы тұяғы еді ғой. Бүгінде Дүйсен Мүсірәлі ағамыз Ораздың айтыстарының екі томдық жинағын дайындап қойды. Қолдаушы болса бірден кітап етіп шығармақшы. Алдағы уақытта ақынның айтыста кеңінен толғап айтқан толғауларын әнге айналдырып, көпшілікке жеткізуді де ойлап жүрміз. Қазір Ораздың басты қолдаушысы халық болып тұр. Соңында қалған қос құлыншағы әлі жас. Сондықтан ақынның бейнесі көмескіленбесін деп осы кешті әдейі ұйымдастырып отырмыз.

– Қазақ айтысының жебеушісі Жүрсін Ерман ағамыз Айтыс ақындары және жыршы-термешілер одағын құрып, үлкен жұмысты бастағанын білеміз. Бұл ұйым тарапынан қандайда бір қолдау көрсетіліп жатыр ма?

– Жүрсін ағамыз өзі басқарып отырған ұйым атынан тиісті орындарға хат жазып, бұл кештің ойдағыдай өтуіне өз үлесін қосуда. Бұдан басқа еске алу кеші шеңберінде өтетін айтысқа ақындардың жинап, қатыстыру мәселесін толықтай мойнына алған. Бұл тұрғыдан Жүрсін ағаға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Одақ жаңадан құрылып жатқанын өздеріңіз білесіздер. Ұйымның біздің кешке бөліп бере қоятындай қаржысы жоқ. Бірақ осы кештің өтуіне Жүрсін Ерман қолдан келген көмегін аямай көрсетуде. Айтысты өзі жүргізуді де өз мойнына алып отыр.

– Айтыста Ораздың ізін басып, өнерін жалғастырып жатқан шәкірттері бар ма?

– Өзіміздің Райымбек ауданынан Ораздың көзіндей болып, енді ғана жарқырап көрініп келе жатқан Болатбек Оразбаев деген жас айтыскер ақынымыз бар. Бастапқы аяқ алысы жаман емес. Осыдан біршама уақыт бұрын Көкшетауда өткен республикалық айтыста бірінші орынды қанжығасына байлады. Алдағы уақытта Ораздың орнын басып, айтыстың көшін өрге сүйрейтін азамат болар деп үмітімізді үкілеп отырмыз.

Сұхбаттасқан Нұрлан Жұмахан. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар