Қостанай облысында полиция жол жиегіне түсіп кеткен 9 көлікті шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қостанай қаласында, сондай-ақ Қостанай, Меңдіқара және Фёдоров аудандарында таңертеңнен бастап қар аралас жаңбыр жауды. Ауа райы жол апаттарына себеп болған.
"Ауа райы нашарлауына байланысты патрульдік полиция қызметкерлері күшейтілген қызмет тәртібіне көшті. Ерекше назар Қарабалық ауданына бағытталған KAZ-03 Қостанай – Алматы – Екатеринбург республикалық тасжолына аударылды. Таңғы сағат 6:00-ден 10:00-ге дейін жол шетіндегі сайдан тоғыз көлік шығарылды", - деді ІІМ өкілдері.
Мәселен жолдың бір учаскесінде Alphard және Volkswagen көліктерінің жүргізушілері рөлге ие бола алмай, жолдан шығып кеткен.
Бұдан бөлек полиция қызметкерлері қатты жел кезінде көліктерді ағаштарға жақын қоймауға шақырды. Тек бүгіннің өзінде полицияға осындай 10 хабарлама түскен. Мысалы Абай даңғылындағы тұрғын үй ауласында Exeed көлікке ағаш құлаған. Осыған ұқсас жағдай Павлов көшесінде де болып, JAC көлігіне зиян келтірген. Екі жағдайда да келтірілген шығынға баға беріліп жатыр.
"Қала ішінде, жаяу жүргіншілер өткелдеріне жақындағанда жылдамдықты азайту, арақашықтықты сақтау, күрт маневр жасамау қажет. Ал трассада жылдамдықты асырмау ұсынылады", - деді ІІМ өкілдері.