Скляр Сарандағы жағдайға қатысты пікір білдірді

Сағыныш Сардарова 30 қаз. 2024 12:11 2035

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Сарандағы жағдайға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, Саран қаласының әкімдігі жаңа қазандықты іске қосу кезінде апат болған жағдайда резервтік қуаттарды қарастырмаған.

"Әкімдіктің кінәсі олардың қосалқы қазандықты әзірлемегенінде. Республикалық бюджеттен 9 млрд теңге бөлінген, жаңа қазандықты тамыз айында сынап көріп, ол жұмыс істеп кетеді деп сеніп қалған. Алайда резервті сақтап отыру керек еді. Әрине, мұндайға жол беруге болмайды", - деді Скляр.

Айта кетейік, кеше Саран әкімі Еркін Баулықов жылу беру маусымының басталуында жіберген олқылықтары үшін қызметінен босатылды. Қазан айының ортасында құрылысы 10 жылға созылып, биыл салынып біткен жаңа орталық қазандықтағы ақауларға байланысты Сарандағы 168 үй жылусыз қалған еді.

"Қарағанды облысы әкімінің өкімімен Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов қалада жылу беру маусымының басталуында олқылық жібергені үшін атқаратын қызметінен босатылды", - деп хабарлады Қарағанды облысының әкімдігі.

Ол бұл қызметті бір жылдан астам ғана уақыт атқарды.

Енді қала басшысы міндетін уақытша осыған дейін Саран әкімінің орынбасары болған Мақсат Қайрешов атқаратын болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар