СІМ футболдан әлем чемпионатына баратын қазақстандықтарға ескерту жасады

СІМ футболдан әлем чемпионатына баратын қазақстандықтарға ескерту жасады
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі футболдан әлем чемпионатына баруды жоспарлап отырған қазақстандықтарға қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес берді, деп хабарлайды dalanews.kz.

СІМ ресми өкілі Ерлан Жетібаев жанкүйерлерге өзімен бірге жеке құжаттарын немесе олардың көшірмелерін алып жүруді, сондай-ақ жергілікті құқық қорғау органдарының талаптарын орындауды ұсынды.

Сонымен қатар қазақстандықтарға сапар бағытын алдын ала жоспарлап, тек ресми сервистерді пайдалану және рұқсат етілмеген көпшілік жиналған орындардан аулақ болу ұсынылды.

Миграциялық талаптарды сақтау қажет

Ерлан Жетібаев қабылдаушы елдердің көші-қон заңнамасы мен визалық талаптарын қатаң сақтау маңызды екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, төтенше жағдайлар туындаған жағдайда жергілікті жедел қызметтерге және Қазақстанның консулдық мекемелеріне жүгіну қажет.

Сонымен бірге СІМ әзірге әлем чемпионаты матчтарына қанша қазақстандық жанкүйер баратыны туралы нақты мәлімет жоқ екенін мәлімдеді. Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді.