ТЖМ академиясының қызметкерлері мен курсанттары сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін сотталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, академияның үш курсанты (Қылмыстық Кодексінің 367-бабының 1-бөлігі) сабақ үлгерімі бойынша қажет балл жинау үшін взвод командирі Е. Арқылы, азаматтық қорғау полковнигі – оқытушы Х.-ға 5 000 теңгеден пара берген (ҚК-нің 366-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы). Бұл қылмыста Е. делдалдық жасаған (ҚК-нің 368-бабының 2-бөлігі).
"Сонымен қатар, Е. жәбірленуші С.-ға, оның ұлын оқуға түсіру мүмкіндігіне ие болмай, 2,5 млн теңгемен мәселені шешуді ұсынып, алаяқтық жасады.
Оған қоса, өкілеттіктеріне атақ беру құқығы кірмеген Академия командирлері Е. және Ш. көрсетілген көмек үшін деп курсанттарды алдап, олардан 267 000 теңге алған.
Осылайша, Е. және Ш. құқық қорғау органының қызметкерлері бола тұра, қызметтік бабын пайдалана отырып, сөз байласып алаяқтық жасаған, Е. бірнеше рет жасаған (ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 2,3,4-тармақтары)", - делінген хабарламада.
Жазаны тағайындауда сот курсант Е.-нің кәмелетке толмағанын, взвод командирлері Е. және Ш.-да жас балалардың болуын және жәбірленуші С.-ға келтірілген залалды ерікті түрде толық өтегенін жеңілдететін мән-жайлар деп санап, ал ауырлататын мән-жайлар – құқық қорғау органы қызметкерлерінің қабылдаған антын бұза қылмыс жасағандарын ескерді.
"Сот үкімімен Х.-ға параның 60 еселенген сомасында айыппұл, Е.-ға 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру, Ш.-ға параның 10 еселенген сомасында айыппұл, әрқайсысына мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан және арнайы атақтарынан айыру тағайындалды. Курсанттар С., А. және кәмелетке толмаған Е.-ға айыппұл тағайындалды.
Сонымен қатар, сот ҚР ТЖМ атына сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстың жеткіліксіздігіне, Академияның кадр қызметі мен қауіпсіздік басқармасының тиісті жұмыс жүргізбеуіне назар аудара отырып, жекеше қаулы шығарды. Сот актілері заңды күшіне енген жоқ", - делінген соттың мәліметінде.