Аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне сенсек, үстіміздегі жылы ауданда 1560 гектарға қант қызылшасы егіледі екен. Оның ең көбі Ескі Шу ауылдық округіндегі «Қызылша» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі. Айта кету керек, аудан аумағынан үлкен қант зауытын соғуды көздеп отырған серіктестік шикізат мәселесін оңтайлы шешу үшін өздері де тәтті түбір егумен айналысуда. «Ауданға қант қызылшасын егу үшін былтыр күзде 300 гектар жерді дайындадық. Бүгінгі таңда 40-қа жуық инженер, оператор, агрономдар мен ауылшаруашылығы мақсатындағы 20 техника тынымсыз еңбек етуде. Бұның бәрі құрылыс жұмыстары биыл басталатын қант зауытын шикізатпен қамтудың қамы. Ал, зауыт пайдалануға берілгенге дейін шикізатты Меркі ауданындағы қант зауытына өткеретін боламыз. Әлбетте, өз кәсіпорнымыз іске қосылғанда егілетін тәтті түбір көлемін 2-3 есеге көбейтпекпіз» - дейді «Қызылша» ЖШС-нің өндірістік директоры Бағдат Белгібаев.
Қант қызылшасын егу жұмыстарын сәуір айының басында бастаған серіктестік бүгінгі күні 306 гектар жерді толығымен игерген. Олар 300 гектарға немістің «акация» және «виорика» сынды тұқымын егіп, қалған 6 гектар аумаққа өздерінің зертханасы үшін өзге де тұқымдарды егіпті. Аталмыш серіктестіктің құрылғанына көп уақыт болмаса да олардың материалдық-техникалық әлеуеттері үлкен үлкен екендігін байқадық. Өйткені, жергілікті жердегі 40-қа жуық тұрғынды тұрақты жұмыспен қамту кез келген серіктестіктің қолынан келе бермейтін іс екені белгілі. Оның үстіне, мұндағы ауылшаруашылығы мақсатындағы техникалары да ең соңғы қондырғылармен жабдықталған. Серіктестіктің бас агрономы Фрунзебек Алатаевтың айтуынша, тұқымды егу жұмыстары аяқталды. Ендігі кезекте тәтті түбір топырақты жарып шыққан соң, тамшылатып суару технологияларын орналастырмақ. Тағы бір айта кететін жайт, аталмыш серіктестік жерге картограмма жасату арқылы тыңайтқыштың қанша мөлшерде керектігін анықтап алған. Сәйкесінше, тыңайтқышты соған сәйкес қолданады. Жалпы, қанты қызылшасы – бабы мен күтімі келіссе мол өнім беретін өсімтал дақыл. Сондықтан да, серіктестік мамандары тәтті түбір егудің агротехникалық шараларын барынша жүйелі етіп жасауға тырысуда.
Сонымен қатар, бас агроном Ф.Алатаев биылғы егін бітік шықса, келесі жылы 300 гектар алқапты 2000 гектарға дейін ұлғайтуды көздеп отырғандарын айтады. Ол үшін бір гектарға егілген 150 мың түп балтамырдың 140 мыңы шықса болғаны. Бұл – себілген тұқымның 95 пайызы өнім береді дегенді білдіреді. Оның үстіне, өткен жылға қарағанда қант қызылшасының бағасы да өскен. Мысалы, былтыр қызылшаның 1 келісі 20 теңге болған болса, биыл 22 теңге болып отыр. Оның 10 теңгесін қант зауыты, ал қалған 12 теңгесін мемлекет субсидиялайды екен. Ол үшін балтамырдың бабын тауып, оның күтіміне үлкен мән беру керек. Бұл ретте, шулық шаруалар ширақтық танытады деген сенімдеміз.