Шудағы мұражай жаңа ғимаратқа көшпек

Dalanews 24 сәу. 2019 11:25 879

Шу ауданында ұзақ жылдар бойы ғимаратқа жарымай отырған аудандық тарихи-өлкетану мұражайы биылғы жылы су жаңа ғимаратқа көшпек. Ұзақ жылдар бойы шіркеу ғимаратында орналасқаны да белгілі.

Тоғыз жолдың торабынан ойып орын алған дәл осы Шу өлкесінің тас дәуірінен бергі тарихынан сыр шертетін аталмыш мұражай осыдан тура 32 жыл бұрын қоғамдық негізде пайдалануға берілген. Шудағы құнды жәдігерлердің жалғыз ошағы саналған бұл музей ашылғаннан кейін араға он жыл салып, отқа оранады. Сөйтіп, жалын шарпыған ғимараттағы құнды жәдігерлердің біраз бөлігі келмеске кеткен. Бұдан соң, мұражайдағы төрт мыңға жуық жәдігер іргесі 1914 жылы қаланған ескілеу ғимаратқа орналастырылады. Музейдің аянышты хәлі бұнымен біткен жоқ. Бірер жылдан соң, ауданның атқамінерлері 100 жылдық тарихы бар бұл ғимаратты славян қауымдастығының шіркеуіне беру туралы шешім шығарады да, содан кейінгі төрт жылдай уақыт мұражай қараусыз қалып, жетім баланың күйін кешкен. Кейіннен, ондағы жәдігерлердің жартысы ескі мекен-жайда қалып, қалғаны аудандық өнер мектебінің екі бөлмесіне жайғастырылады. Сонымен не керек, сол кездегі аудан әкімі Бақытжан Нұркеновтың тікелей араласуымен 2014 жылы жергілікті бюджет есебінен аудан орталығы Төле би ауылындағы тозығы жеткен «Қаракөз» мейрамханасы 3 миллион 700 мың теңгеге сатып алынып, мұражай сонда көшірілмек болады. Алайда, оның құрылыс жұмыстары жалғасын таппай, ұзақ уақыт тұралап қалған.

Бір қуанарлығы, шулық шенділер дәл осы музей мәселесіне шекеден қарамай, өткен жылы мұражайға арналған ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстарын бастап та кеткен болатын. Байқағанымыздай, жаңа ғимараттағы құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Ал, аудандық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлерінің айтуынша, тұрғындардың дені ауданда мұражайдың бар екендігінен хабарсыз көрінеді. «Тарихы тереңде жатқан өңірдің өткенінен сыр шертетін мұражайы болмауы мүмкін емес, әрине. Дегенмен, аудан тұрғындарының көбісі біздің мұражай туралы білмейді. Оған басты себеп - тұрақты ғимараттың жоқтығы екені белгілі. Енді міне, бағымызға орай, жаңа ғимаратымыз жөндеуден өтіп жатыр. Сәтін салса, жуық арада сонда қоныс аудармақшымыз. Қазір мұнда небәрі 3 жұмысшы бар болса, жаңа нысанға көшкен соң, қызметкерлердің саны да артпақ», - дейді олар.

Тағы бір айта кетерлігі, қазіргі кезде алақандай ғана екі бөлмеде отырған музейдің қорындағы 4 мыңнан аса жәдігердің тек үш мыңға жуығы ғана келушілердің назарына ұсынылып келсе, жаңа ғимаратта қолда бар құнды заттардың барлығын да қонақтарға көрсетуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ, жаңа нысан пайдалануға берілген соң, қолдарындағы құнды жәдігерлерін мұражайға өткізуге ниет танытып отырған тұрғындар да бар екен.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар