Шуда шағын макарон цехы

Dalanews 24 мам. 2019 11:22 1070

«Дастарханда наны жоқтың, тамағының сәні жоқ» дегендей, дүкен аралаған мен базар жағалағанның ең әуелі сатып алатыны азық-түлік өнімі екені сөзсіз. Бұл ретте, тұтынатын тамағыңның нарықтағы бағасы қолжетімді, әрі сапасы сенімді болғаны абзал.

Міне, осындай талаптарға жергілікті жерлердегі өнім өндірушілердің қолынан шыққан тауардың толықтай сай келетіні айтпаса да белгілі. Сондықтан болса керек, кейінгі жылдары еліміздің ауылшаруашылық өндірісі байырғы шикізат шылауынан өнімді түбегейлі өңдеу мен дайын азық-түлік өнімдерін шығару белесіне бет бұра бастады.Сөзіміздің айғағы ретінде, былтыр ғана Шу ауданында ашылған макарон өнімін шығаратын цехты айтуымызға болады. Тұтынушыларына дайын өнімді ұсынатын аталмыш цехтың қосымша құрылымы ретінде мұнда кондитерлік өнімдер де шығарылады. Бұл кәсіпорынның ашылғаны ең әуелі шулықтарға тиімді болды. Өйткені, жергілікті тұрғындарға тұрақты жұмыс орны ашылса, онымен қоса, өндірілген өнімдер де ауданның орталық базарына пұлданады. Ал, аталмыш цехтың директоры Есенбек Тәжібекұлының айтуынша, қазіргі кезде цех әлі де болса толық қуатында жұмыс істемей тұрған көрінеді.

– Жасыратыны жоқ, ұзақ жылдар бойы дәл осы макарон мен кондитерлік өнімдерді Алматы мен Шымкент қаласындағы жеке кәсіпкерлерден сатып алып, Шу ауданына өткізумен айналысып келдік. Кейін жақындарыммен ақылдаса келе, макаронды неге өзіміз өндіріп көрмеске деген ой келді. Рас, әуел баста сенімсіздік те болды. Әйткенмен, тәуекелге бел буып, Шу қаласынан бір ғимаратты жалға алып, бастапқыойымызды жүзеге асыруға кірісіп кеттік. Цехтың ашылғанына көп уақыт болған жоқ. Сол себепті, қазір өнімді аз мөлшерде шығарып жатырмыз. Мұнда кондитерлік өнімдерді және макарон мен кеспе өнімдерін шығаруға арналған бірнеше құрылғы бар. Оның барлығын Астана қаласынан сатып алдық, - дейді жеке кәсіпкер.

Шынын айту керек, дайын өнім қанша жерден сапалы болса да, базардағы баға бәрібір жеңіске бейім келеді емес пе? Осыны ескерген кәсіпорын басшылары аталған цехтың өнімдерін нарықтағы бағадан едәуір төмен бағада сатуда. Сонымен қатар, цехтағы бірқатар кондитерлік өнімдер «Жасмин» және «Сәуле» атауыменбазар мен дүкен сөрелеріне жол тартуда. Оған қоса, макарон мен «Айгерім» атты кеспе де арнайы қораптармен тұтынушыларына тұрақты жеткізіліп жүр. Егер де тұтынушылар макаронды әртүрлі келідегі түрлерін сатып алуды қолайлы көрсе, мұндай сұраныстар да толығымен өтеледі. Бұл жақтан шығарылатын барлық өнімнің атасы бір ұн емес пе десек те, аталған ұн түрлерінің әрқайсысының тек өзіне ғана тән ерекшелігі бар екені өз алдына бір бөлек әңгіме. Мысалы, мұндағы кондитерлік өнімдер бірінші сортты ұннан дайындалса, макарон екінші сұрыптан әзірленеді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар