Қалада пандемияны ауыздықтау мақсатында Жедел штаб құрылған болатын. Аталған ұйымның атқарған істері бойынша қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан есеп беріп, індетке байланысты қалыптасып отырған жағдай күрделі екенін айтты.
Жаһан елдерінің барлығында індет таралуы қарқын алған. Әзірдің өзінде Қазақстанда 10 өңір індет жұқтырғандардың көрсеткіші бойынша қызыл аймаққа өткен.
Осы күнге дейін елімізде COVID-19 дертімен ауырған 448 мың адам анықталса, оның 408 мыңнан астамы жазылып шыққан.
Шымкент қаласында жыл басынан бері коронавирус инфекциясымен ауырған 8931 адам тіркелген, оның ішінде 7448-і аурудан айығып шыққан.
"Дәл қазір 1083 адам стационарларда ем қабылдап жатыр. Соңғы бір тәулікте 126 науқас ауруханаға түскен. Осыны ескеріп, #2 қалалық аурухана уақытша инфекциялық ауруханаға айналдырылды. Көпшілік орындарға бармаңыздар. Сақтанып жүріңіздер. Қалада ковидтің Дельта штамы кезіп жүр", – деп жазды осы орайда Шыңғыс Мұқан әлемжелідегі парақшасында.
Қалада 45 вакцина егу бекеттері ашылып, вакцинаның І компонентін 303364 адам алса, бұл тұрғындардың вакцина алатын контингентінің 56 пайызын құрайды. Вакцинаның ІІ компоненті 183651 адамға егілсе, бұл көрсеткіш белгіленген контингенттің 30 пайызы болып отыр.
Эпидемиологиялық ахуалдың қалыптасу динамикасын жіті талдаған қала әкімі Мұрат Әйтенов, індет шарықтау шегіне жақындап қалғандығына назар аударды.
Медициналық ұйымдар мен сала жетекшілері бақылауды күшейтіп, белгіленген алгоритм бойынша жедел іс-қимыл жасауға көшу керектігін айтты.
Жауапты тұлғалар мен медициналық ұйымдар жетекшілерінің хабарламаларын тыңдаған қала басшысы, соңғы тәуліктерде тіркелген аурудың күрт өсіміне байланысты, қаланың медициналық ұйымдарында реанимациялық төсек орындар санын екі есе ұлғайту жөнінде тапсырма берді.
Сала жетекшілеріне жедел жәрдем бригадаларының жұмысын аумақтарға бөліп, бекіту арқылы тұрғындардан түскен шақыртуларға тез жетуін ұйымдастыруды бақылауда ұстауды тапсырды. Қала бойынша мобильді және мониторингтік топтар санын көбейту керектігін айтып, карантин талаптарын өрескел бұзып, халықтың көптеп шоғырлануына жол берген кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты жауапкершілік шараларын қатайту мәселесін қарастыруды тапсырды.
Жиын барысында кәсіпкерлік субъектілерінің «Ashyq» жобасына қатысу көрсеткіші төмен екендігі назарға алынды.
Қала бойынша осы жобаға бүгінгі күнге дейін 764 бизнес субъектілері ғана қосылған. Осы ұйымдарға келушілер арасынан 157 адам - «сары», 66 адам - «қызыл» статусы бар екендігі анықталған. Бұл көрсеткіштер өте төмен екендігі, қала көлеміндегі ахуалды толық көрсете алмайтындығы айтылды.
Аудан әкімдеріне, салалық басқарма басшыларына «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қалалық филиалымен бірлесе жобаның тиімділігін түсіндіруге арналған ақпараттық жұмыстарды күшейтуді тапсырды.