Шымкент қаласы Тұрғын үй басқармасының басшысы қаланың сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражатын жымқыру бойынша күдікті деп танылды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тексеріс нәтижесінде Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Шымкент қаласы Тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушыға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Лауазымды адам қаланың 216 тұрғын үйінің сейсмикалық тұрақтылығын технологиялық тексеру жөніндегі жұмыстарды орындауға бөлінген аса ірі мөлшердегі қаржыны алдын ала сөз байласу бойынша адамдармен бірге жымқырды деген күдікке ілінді. Мемлекетке, алдын ала болжам бойынша, 120 млн теңге залал келтірілген.
Қазіргі уақытта ол Шымкент қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.